Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды
Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында еліміздің энергия тарату кәсіпорындарының жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, 24.kz хабарлайды. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанның энергия таратушы кәсіпорындарының алдағы күз-қыс кезеңіне даярлық жұмыстары аяқталуға жақындап қалғанын мәлімдеді. Ай сайын мүдделі мемлекеттік органдар мен компаниялардың қатысуымен түйткілді мәселелерді талқылау мен олардың шешімін табу шараларын қабылдау бойынша салалық селекторлық кеңестер өткізіліп тұрады. Биыл 10 энергия блогына, 61 энергетикалық қазанға және 49 турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша 4 энергия блогында, 28 қазанда және 22 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталған. 4 энергия блогында, 30 қазанда және 21 турбинада түрлі аяқталу деңгейінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 25 мың шақырым болатын электр тарату желісіне және 6 300 аралық станцияға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 17 мың шақырым электр тарату желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілген, бұл жоспардың 71%-ын құрайды. Мұнда да жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Электр стансаларында 3,7 млн тонна көлемінде көмір қоры бар, бұл өткен жылдың деңгейінен 24%-ға артық, сондай-ақ 82 мың тонна мазут бар. Бұдан өзге ҚР Энергетика министрлігінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерінің, экспедиторлық және көмір өндіру компанияларының, көмір электр стансаларының өкілдерінің қатысуымен энергия көздерінде отынның нормативтік қорын құру және көмір тасымалдау мәселелері бойынша кеңес өткізілді. Кеңес қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Қарағанды облысында, соның ішінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2-де энергетика нысандарын күз-қыз мезгілдерінде жұмыс істеуге даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. ЖЭО-ның әзірленген кестесіне сәйкес 3 қазан мен 1 турбинада жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қыркүйектің басындағы жағдай бойынша 2 қазанда жөндеу жұмыстары аяқталған, №6 қазанда (22 қарашаға дейін) және №2 турбинада (30 қыркүйекке дейін) жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан өзге министр еліміздің газ-көлік инфрақұрылымының нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, оларға техникалық қызмет көрсету кестелер мен жоспарларға сәйкес жүргізіліп жатқанын баяндады. Қазақстанның оңтүстік өңірлерін 2017-2018 жылдардың жылыту маусымында газбен жабдықтау жұмыстары «Қазақстан-Қытай», «БГР-ТБА», «Бейнеу-Шымкент» газ құбырлары бойынша газ жеткізу арқылы және Амангелді кен орнының газы есебінен қамтамасыз етіледі. Жерасты қоймаларында газдың қажетті қоры бар, қазірдің өзінде 3,4 млрд м3 газ немесе жоспардағы көлемнің 96% газы жүктелген.