Қадыр ақын әйелдер туралы
* Әйел аттың ерінен биік, өз ерінен аласа болуы керек.
* Әйелдің ақылдысы – сенде, әдемісі – құрдасыңда болғаны дұрыс.
* Әйел күйеуінің өлгенін тілемейді, өзінен кейін тірі қалғанын да қаламайды.
* Ердің еңсесі биік, қыздың өкшесі биік.
* Өзі туралы үлкен ойлайтын қыз үйінде отырып қартаяды.
* Соқыр еркек пен мылқау әйелдің үйінде ұрыс болмайды.
* Еркек – көрсеқызар, әйел – қызғаншақ, қашан табысар екенбіз?
* Жуас жігіт әйел таппайды, әйел оны табады.
* Байсыз әйел – байлаусыз қашар.
* Ашулы әйел айдаһардан да бетер.
* Күйеу сабайтындай күші болса, әйел қулыққа бармас еді.
* Әйелдің сүйкімділігі – қылығында, күш қуаты – қулығында.
* Ерте тұратын еріншек жоқ,
Байын қызғанбайтын келіншек жоқ.
* Кедейде тоқал болмайды.
* Қыз таңдама, ене таңда!
* Әйелдің тілі ащы, еркектің жұдырығы жаман.
* Жақсы әйел – өз үйіне әрі ханым, әрі күң.
* Екі әйел бар үйде еден жуылмайды.
* Күнәсіз әйелді қорлама, қарғысына ұшырайсың.
* Қазымыр қатынның байы ерте қартаяды.
* Бір әйелдің көтерген жүгін екі есек те көтере алмайды.
* Күйеуі соқыр болса, салақ қатынның жаны тыныш.
* Бетпақ әйел – байының байы.
* Тоқал үйге кіріп келе жатқанда, тыныштық үйден шығып бара жатады.
* Әйелдер қызық: мықты жігіттің бойынан – осалдық, осал жігіттің бойынан – мықтылық іздейді.