ШЫМКЕНТТЕ «ҚОНАЕВ-ҰЛЫ ТҰЛҒА» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

Бүгін Шымкент қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Қонаев — ұлы тұлға» атты арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Оған Алматы қаласынан арнайы келген қонақтар — еңбек ардагерлері, ғалымдар, мәдениет пен өнер майталмандары және Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен жастар қатысты.

— Әр елдің тарихы, сол елдің ұлы тұлғаларының өмірбаянынан тұрады десек, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Дінмұхамед Қонаевтың еліміздің тарихында алар орны ерекше. Ол кісі ел басқарған кезеңде байтақ даламызда жаңа қалалар бой көтеріп, өндіріс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық даму қарқын алды. Елімізде ғылым алға басып, әдебиет, мәдениет және өнердің дамуына ерекше жағдай жасалды. Сол замандағы әрбір саладағы қыруар жұмыс пен жетістікте Қонаевтың ерекше қолтаңбасы бар, — деді  Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

Шаһар басшысының айтуынша, биыл Шымкентте Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына және Асқанбай Асқаровтың 100 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, іс-шарада еңбек ардагері Советбек Еркінбайұлы, Д.Қонаевтың немересі Дияр Қонаев, профессор Алуа Таңжарықова және өзгелер сөз сөйлеп, Дінмұхамед Ахметұлы жайындағы естеліктерімен бөлісті.

Айта кетейік, айтулы іс-шараның аясында Алматы қаласынан келген қонақтар мен қаламыздың зиялы қауым өкілдері Д. Қонаев музейін аралап көрді.

«Шымкент келбеті» —  Айдар ҚҰЛЖАНОВ,

Фото: Серік ҚОСАЕВ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.