Жемісті шыбық
Бір бай кісі қарт адамның кішкене жеміс ағашының шыбығын отырғызып жатқанын көріп, оған:
– Атай, сіз ғой қартайдыңыз. Отырғызған ағашыңыздың жемісін көре алмайсыз, олай болса неге бейнеттеніп жатырсыз? – дейді. Қарт:
– Бізден бұрынғылар ағаш отырғызды, жемісін біз жедік. Енді біз де отырғызайық, жемісін кейінгілер жесін, – деп жауап береді. Бай кісі қарттың жауабына риза болып, оған бір бума ақша береді. Қарт:
– Көрдің бе, балам, бұл шыбықтың жемісін, міне, мен де көрдім, – деген екен.
«Өсиет әңгімелер».