ШЫМКЕНТ: Мемлекеттік қызметшілер заңсыз бизнеспен айналыспауға шақырылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаментінің бастамасымен жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен кездесу өтті.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Ж.Жұмабаевтың төрағалығымен өткен жиынға қала әкімі аппараты басшысының орынбасары М.Какенов, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің қалалық департаменті басшысының орынбасары А.Раева, Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Б.Омартаев, аудан әкімдіктері мен басқармалар басшылығы, персоналды басқару қызметінің мамандары мен қоғам өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде мемлекеттік қызметшілердің және оларға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысу мәселелері, сондай-ақ мемлекеттік органдар басшыларының қаржылық бақылау шараларын қабылдамауының салдары талқыланды.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерге, сонымен қатар заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысудың салдарына тоқталды.
Оның айтуынша, Департамент осы бағытта тұрақты түрде мониторинг жүргізуде.
Кездесу барысында заңнамалық тұрғыда кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға тыйым салу белгiленген адамның осындай қызметпен айналысуы құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кірістер, ақша, бағалы қағаздар тәркiлене отырып, 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатындығы ескертілді.
Іс-шараны ұйымдастырушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тұрғысынан маңызды болып табылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін мемлекеттік органдар басшыларының заңмен белгіленген жауапкершілігі туралы мәліметтерді жеткізді.
«Мемлекеттік қызметі туралы» заңға сәйкес азаматтар, егер олар жұмысқа орналасқанға дейін 3 жыл ішінде әкімшілік құқық бұзушылық жасаса, мемлекеттік қызметке қабылданбайды. Сонымен қатар, жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасалған жағдайда олардың мемлекеттік қызметті тоқтатуы туралы заңнама нормалары қолданылады» — деп атап өтті спикер.
Кездесу соңында Жандос Жұмабаев әрбір мемлекеттік қызметшіні сыбайлас жемқорлыққа белсенді қарсы тұруға шақырды және қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.