Күйзелісті жеңудің 14 жолы
Өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Қиындықтың бәріне қайыспай қарсы тұру мүмкін емес. Жаның ауырып, жүрегің езіледі. Ойларың сан-саққа жүгіріп, іштегі жағымсыз сезімдер маза таптырмай, аласұртады. Кейде бәріне қолды бір сілтеп, өмірден баз кешіп кеткің келеді. Міне, мұның бәрі – бізді қалыпты өмірден алшақтататын ауыр күйзелістің белгісі. Дер кезінде шара қолданбаса, мұндай күйзелістің соңы ауырт дерттерге шалдықтыруы мүмкін. Біз төменде ұсынып отырған қарапайым әдістер өз-өзіңізді қолға алып, бұрынғы қалпыңызға қайта оралуға ғана емес, көптеген созылмалы аурулардан арылып, ағзаның қартаю үдерісін тежеуге де көмектеседі.
1. Тарақ. Күні бойы компьютер алдында отырған адамның бет бұлшықеттері қатты ширығатындықтан, басы ауырлап, ауыра бастайды. Сосын бойыңызды қатты шаршау, енжарлық басады. Мұны болдырмау үшін басыңыз ауырлай бастаған сәттен тарақты алып, шашыңызды 10-15 минут бойы асықпай тараңыз. Бұл әдіс бастағы қанды «жүгіртіп», бұлшықеттерді босаңсытады.
2. Балмұздақ. Тәтті тағам – күйзеліске қарсы ең әсерлі құрал. Көңіл-күйіңізді көтеруге ең алдымен майлы балық жақсы көмектеседі. Егер оны ұнатпасаңыз, балмұздақ не банан жеңіз.
3. Массаж. Қуат-күшіңізді қайтару үшін мұрынның астында, қастардың ортасында, астыңғы еріннің астында және алақанның ортасында орналасқан нүктелерді 30 секундтай уқалаңыз.
4. Алақанды ысқылау Жүйкеңіз жұқарып, сіркеңіз су көтермей тұрса, екі алақаныңызды бір-біріне қатты-қатты ысқылаңыз. Сондай-ақ, құлақты уқалаған да жақсы. Осылайша сіз қайта сергіп, жұмысқа құлшына кірісетін боласыз.
5. Су. Әлдебір дау-дамайдан кейін көңілде қалған ауыр сезімдерді сумен шайып жіберіңіз. Ол үшін 15 минуттай жылы душтың астында қимылсыз тұрып, судың басыңыз бен иығыңызды қуалай ағуына мүмкіндік беріңіз. Көп өтпей бар қажетсіз нәрсенің бәрінен арылғандай күй кешесіз.
6. 27 зат. Шығыс емшілері: «Қайғы-мұңнан арылғың келсе, үйдегі 27 заттың орнын ауыстыр» деп кеңес береді. Бұл қуаттың дұрыс бағытта кедергісіз ағуы үшін кеңістіктен орын босататын көрінеді. Осы әдісті сіз де қолданып көріңіз, сонда бар назарыңыз басқа нәрсеге ауып, қиындықтарыңызды ұмытып кетеріңіз анық. Осылайша миыңыз да тынығып қалады.
7. Баспалдақ. Баспалдақпен 5 минуттай жоғары-төмен жүгіріңіз не жай ғана жүріңіз. Бұл жаттығу мидың шеткі бөліктеріне оттегі жеткізіп, көңіл-күйіңіздің көтерілуіне көмектеседі.
8. Бояу. Психологтардың айтуынша, күйзеліс кезінде 2-3 минут суреттерді бояу жұмысты мерзімінде орындау ықтималдылығын 5 есеге арттырады екен. Яғни, сіз күйзелісті жеңіп қана қоймай, жұмыс қабілетіңізді арттыра түсесіз.
9. Гибискус шайы. Ағзада радикалдар жиналып қалған кезде адам себепсіз алаңдаушылық пен қорқыныш сезімдерін бастан кешіреді екен. Гибискус шайы радикалдарды жойып, енжарлықтан арылтады.
10. Жеңіл жаттығу. Көптеген адамдарда күйзеліс кезінде иық пен мойын бұлшықеттері және бел омыртқасы қысылып, икемділігін жоғалтады. Бас ауруы да, арқаның ауруы да осыдан келіп шығады. Бұл жағдайда массаж немесе суда жүзу жақсы көмектеседі. Үйде не жұмыста екі қолды айналдыру, екі жаққа теріс қаратып бүгу, қолды әрі-бері сілтеу тәрізді жеңіл жаттығуларды жасауға болады.
11. Үй жинау.
Заттарды орын-орнына қойып жинау ойды жинақтауға да көмектеседі. Бұдан бөлек, сөрелер мен жәшіктер жинақы болып тұрса, адамның көңіл-күйіне де жақсы әсер етіп, оның өз өмірін реттеуге деген құлшынысын оятады.
12. Ойлануға бір минут. Шашырап кеткен ойыңызды ретке келтіру үшін үйде оңаша қалуға мүмкіндік табыңыз. Сүйікті әуеніңізді қосып, тоңазытқыштан жақсы көретін тағамыңызды алыңыз да, жайлы орындыққа жайғасыңыз. Сосын өзіңіздің бәрінен бұрын нені қалайтыныңызды жақсылап ойланып, тілегіңізді қағазға жазыңыз. Бұл әдіс бұдан әрі не істейтініңізді жоспарлауға көмектеседі.
13. Ароматерапия. Иістердің әртүрлі көңіл-күйді есте сақтауға ықпал ететін әсері бар. Сондықтан, ең бақытты сәттеріңізді еске салатын хошиістер әрдайым жаныңызда жүрсін. Осы иістерді жиі иіскеп жүрсеңіз, жақсы көңіл-күйіңізді бұзу оңай бола қоймас.
14. Би. Міндетті түрле билеңіз! Арнайы үйірмеге бармасаңыз да, үйде қалаған әуеніңізді қойып, билеп алыңыз. Бұл – күйзелісті жеңудің таптырмас әдісі. Әрі бойыңыз жеңілдеп, ағзаңыз да рахметін айтатын болады. Оның үстіне артық салмақтан арылғысы келетіндер үшін фитнес-клубқа барып, ауыр жаттығуларды жасағаннан гөрі билеген әлдеқайда жеңіл әрі қызықты.
Дайындаған К.ДИДАР