ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

Зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру – Тәуелсіз еліміздің  басты бағыты.  Конституция этникалық азшылықтардың құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарына сәйкес келетін қазақстандық қоғамдық келісім мен этникалық толеранттылық моделінің құқықтық негізін қамтамасыз етеді.  Осы негізде қоғамдық келісімнің конституциялық принципіне негізделген Қазақстанның мемлекеттік ұлттық саясаты жалпыадамзаттық принциптерге сай халық бірлігін қалыптастыруды көздейді.

Төзімділік – жергілікті халықтың өзге ұлт пен дін өкілдеріне жаны ашып, оларды қудаламауының белгісі.  Жалпы толеранттылық – өркениетті қоғамның феномені.  Мұндай сапа бір күнде болмайтыны белгілі.  Бұл халық санасының, салт-дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгендігінің айқын көрінісі.  Осы тұрғыдан қарасақ, Қазақстандағы қоғамдық қатынастардың белгілі бір дәрежеде артқанын көреміз. Еліміздегі ұлтаралық татулықтың, конфессияаралық  келісімнің  жеңіске жетуі – мемлекетіміздің тірегі болған қазақ халқының саяси мәдениетінің жоғарылығының белгісі.  Біз білетіндей, толеранттылық – үлкен құндылық.

Қазақстанда этникалық азшылықтардың қажеттіліктерін қанағаттандыру және этносаралық қатынастардағы келісім үшін ең жақсы жағдайлар жасалған.  Барлық ұлттардың азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар халықаралық стандарттарға сай және басқа елдерге үлгі бола алатынын ұмытпаған жөн.  Бұл ретте Қазақстанда жүргізіліп жатқан ішкі саясаттың тағы бір артықшылығы – қазақтардың әртүрлі діндерге төзімділікпен тәрбиеленуі.  Соңғы жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде пайда болған түрлі діни институттардың (мешіт, православие қауымдары, католиктік шіркеулер, храмдар, т.б.) жандануы мемлекет тарапынан қоғамның үйлесімді дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатқанын дәлелдейді.  Өзара сыйластық пен толеранттылыққа, бейбітшілік пен келісімге негізделген қоғамдық қатынастар Қазақстанның әлемдік аренадағы шынайы бейнесін қалыптастыруға ықпал етеді. Еліміз тәуелсіздігін жариялағалы бері жүргізілген ішкі саясат қазақ қоғамында ұлтара-лық ынтымақтастық пен халықтар достығын дамытуға қолайлы жағдай туғызды. Бүгінгі таңда республикамыздағы секталар, ұлттар мен ұлыстар арасындағы қарым-қатынас жергілікті халықтардың шынайы достығын көрсетеді. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ел тарихында із қалдырған жүз отыздан астам ұлт өкілдері бүгінде «қазақтандықпыз» деп мақ-танышпен айта алады.

Қазақстан көпұлтты мәдениет пен бірлікті дамытуға бағытталған ішкі саясатты жүргізуде.  Әр ұлттың өз мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндіктері кең.

Тәуелсіздік жылдарында өзінің серпінді энергиясымен жаһандық интеграция жолына түскен Қазақстан жетістіктерімен өзге елдерді таң қалдыруда. Бүгінде Шымкент қаласында да конфессияаралық толеранттылық  тиісінше насихатталып, этносаралық келісім ұдайы ұлықталып,  ұлтаралық татулыққа сызат түскен емес. Керісінше, бұл мақсатта көптеген игі істер қолға алынып,  татулықты мұрат тұтқан елдің ертеңі үшін  жаңа бастамалар жүзеге асырылуда.  Яғни, Шымкенттің  меймандос жұрты ынтымақты елден ырыс қашпайтындығын  баяғыда-ақ бағамдаған. Өйткені татулық – Тәуелсіздік тірегі, ынтымақ – ырыстың қазығы.

 

Нұржан Күндебай,

Шымкент қаласы дін істер басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ  маманы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.