Шаңырақ: Әйел бақыты қайда?

Әсемгүл таңертең дабыр-дүбір дауыстан оянып кетті. Қызы баласына ұрсып жатыр екен.

— Свои проблемы скажешь ажейке, понятно! А меня оставь в покое. И без тебя у меня проблемы во… — деп, асүйде тарсылдатып таңғы шайларын дайындап жүрген сыңайлы. Ал немересі мұрны пысылдап жылап отыр. Әсемгүл шыдай алмай орнынан тұрды

— Әй не боп қалды? Таң атпай баланы жылатып… О несі-ей… Осы балаға ұрыспа деп қанша айтам. Жұрт бес баланы мектепке апарады, сен жалғыз баланың өзің айтпақшы «проблемасын» шеше алмайсың…, — деп немересінің жанына келіп, маңдайынан сипап, құшағына қысты.

— Түу, мам, сізге неше айтам араласпа деп… — деп қызы келе жатыр еді, Әсемгүл:

— Әй, басымды қатырмай, кетші бар кететін жұмысыңа. Балаңа қарайтын мен, жиналысына баратын мен, сабағын дайындасатын мен. Өзің балаң үшін не істеп жатырсың? Ақша тауып жатырмын демесең… Одан да бай тауып тиіп ал да, туып ал. Бұл бала менде қалады, — деп тыйып тастады. Қызы:

— Да ну тебя… Все, я пошла, а то сейчас начнешь свою лекцию… – деп, тез жиналып, шығып кетті. «Әдірем қалғыр» деп бұрқылдап ұрсып жүріп Әсемгүл күндегі әдетімен немересін мектепке шығарып салды. Үйде жалғыз қалған соң, іштей қызының «араласпа» деген сөзіне ренжіп қалған Әсемгүл өткен-кеткенін ойлап кетті…

Елдің бәрі екі-үш баламен шектеліп жатқанда бұл бірінен соң бірі алты баланы дүниеге әкеліп, көп балалы ана атанды. Әрине, қалада тұрып, ол балаларды асырап, өсіру әкелеріне оңай болған жоқ. Шама-шарқынша оларды шетінен оқытып, алды еңбекке араласып, өзді-өзді бола бергенде аурудан қайтыс болып кетті…

Осы қызын әкесі ерекше жақсы көретін. Қатты еркелетіп өсірді. Үйдің тірлігіне де араластырмады. Айтқанын істетіп үйренген қызы мектеп бітірісімен-ақ сыланып шыға келді. «Қызым журналист болады» деп үміттенген әкесі оны сол оқуға түсірді. Қасы-көзі қиылып, мөлдіреп отырған қызы ерте көзге түсіп, бірінші курсты бітірісімен-ақ үйге тілін шүлдірлетіп бір жігітті ертіп келді.

— Ма, па, танысып қойыңыздар, мынау – менің болашақ күйеуім. Пока он будет жить у нас…, — дегенде екеуінің де көздері атыздай болған. Әкесі марқұм шайына шашалып қалды да, орнынан тұрып кетті. Әсемгүл болса не дерін білмей орнынан тұрып:

— Кел, балам, кел отыр, — деп есіктің алдында состиып тұрған, орта бойлы қараторы жігітке орындық ұсына берді. Алдына анау-мынауларын қойып, шай ұсынып, бәйек болып, қонақжайлық танытып жатыр. Жігіт үнсіз, тек «ананы ал, мынаны ал» деп жүрген Әсемгүлге «спасибо»деп қояды.

— Қай жақтың баласысың? Осы Алматыдансың ба? — деп сұрады Әсемгүл сөз арасында. Жігіт үндемеді. Қызы түртіп қалды да, сыбырлап бірдеңе деп еді, жігіт ұйқысынан оянған адам құсап:

— Нет, я из Павлодара, — деді. Әсемгүл:

— Әке-шешең бар ма? Мына қызды әке-шешеңе таныстырмайсың ба? Той істейсіңдер ме? Бұл қандай үйлену ? — деп келе жатыр еді, қызы:

— Мам, это потом…, — деді .

— Әй, патомы несі, а? Сонда қашан? Құда деген жоқ па сонда? — деп Әсемгүл ашулана бастады. Күйеу жігіт:

— Мамам келеді. Менде тек мама… – деп әзер дегенде орысша акцентпен айтты.

– Әкең жоқ па? – деп сұраған Әсемгүлдің сұрағына жауап берген жоқ, тек басын шайқады да қойды. Болашақ күйеу баласынан мандытып ештеңе сұрай алмайтынын көзі жеткен Әсемгүл орнынан тұрып кетті .

Арада бір апта өткенде артынып-тартынып құдағи келді. Жөн-жоралғысын жасауға келіпті. Ағайын-туысы жоқ, жалғыз өзі сопайып жетіп келген құдағиына Әсемгүлдің онша көңіл қошы бола қоймады. Әйтсе де, амал жоқ, қызының айтқанымен күтіп жіберді. Ал өздерімен тұрып жатқан күйеу жігітті атасы жұмысқа орналастырып қойды. «Жас отбасы ғой. Өздері жұмыс істеп үйренсін» деген.

Алғашында тәп-тәуір істеп жүрген күйеу бала бара-бара жұмысқа барғанды сирексітті. Түске дейін ұйықтап жатады, түсте тұрып дайын тамақты ішіп алып тағы жатады. Күні бойы сабақта жүретін қызы келген соң, Әсемгүл:

— Айналайын, қызым-ау, мынауыңның мына тірлігі не? Таң атқаннан кешке дейін қарап жатып… Менің өз балаларымның тірлігі аз болғандай мынаны әкеп тығып қойдың, — деп өз ренішін білдірді. Қызы үндемей бөлмесіне кіріп кетті. Біраз уақыттан кейін екеуінің құрқылдасып ұрсысып жатқан дауыстарын естіген Әсемгүл жастарды ұрыстырып қойдым ба деп өзін ыңғайсыз сезініп қалды…

Атасы күйеу баласын тағы бір жерге кіргізді, күйеу бала көп ұзамай тағы да үйде жатты. Әсемгүлге күйеу баланың ұнамаған жері – «мынауым ұят болды-ау» демейтіндігі. Айылын жимай, өз үйіндей емін-еркін кіріп-шығып жүре беретіндігі. «Мынауың орыстан жаман» деп Әсемгүл іштей жақтырмай жүрді.

Бір күні солай алшаңдап жүрген күйеу баласына Әсемгүл:

— Осылай жата бересің бе? Жұмыс істемейсің бе? Жақында балаң болады. Қалай күн көресіңдер? Әлде біздің мойнымызда отыра бермексіңдер ме? — деп еді, күйеу бала:

— Ой, мама, вы не вмешивайтесь… — дегені. Әзер жүрген Әсемгүл сол кезде ішіне жиналғандарын сыртқа бір-ақ шығарды.

— Әй, сен кімсің маған не вмешивайтесь дейтін, а? Ой, тәрбиесіз! Есіктен кіріп, төр менікі деп сен-ақ өлтірдің ғой. Заттарыңды жина да, көзіме көрінбе! Бар, квартира снимать ет, сөйт те өз күніңді өзің көр! Мен көрейін сенің қалай күн көргеніңді. Көргенсіздің баласы… — деп күйеу баласын үйінен қуып шықты. Кешке қызы келген соң, шешесіне біраз сөйлеп, киімдерін жинап, артынан кетті…

Бірер апта өткен соң, қызы қайтып келді. «Мы не можем за квартиру платить. Он нигде не работает. Как будем дальше жить? Скоро малыш родится…», — деп жылап алды. Ай-күніне жетіп отырған қызын қалай далаға тастасын, қайта оның оралғанына қуанды…

Дүниеге келген жас нәрестені үй іші қуана қабылдады. Әсіресе атасы жұмыстан келісімен тамағын ішпей бірінші немересін қолға алатын. Баланы алып қалып, Әсемгүл қызын оқуын жалғастыруға жіберді. Ал күйеу бала біраз уақыт телефон соғып жүрді де, сол күйі қайтып келмеді. «Біреудің әкесіз өскен жалғыз баласы екен. Не мейірім жоқ, не жауапкершілігі жоқ адам ғой. Ертерек басыңды босатып ал», — деп қызын оған жуыта қоймады.

Содан бері қызы жалғыз. Реңді болған соң жігіт көп, бірақ алам деп құлшынып тұрғаны жоқ.

— Жасы келгені болса да тие берсейші. Бір күні балаң да ержетіп қалады, әкең болса да ерте кетіп қалды. Мен қашанғы жүреді дейсің? Көзімнің тірісінде сені құтты орныңа қондырып кетейін. Ағаларың өздерімен өздері. Олардың сенің өміріңмен шаруалары жоқ, өз балаларын асырап әлек. Ана әпкең болса ол жүр үш баласын сүйрелеп… Оның байының да дайын-күйіні жоқ. Әдірем қалғыр, қаланың қызы екенін аңдып жүріп, артынан қалмай алып еді. Дайын үш бөлмелі үйге кірсе де, ештеңе мандытпады. Ана қыз байғұс жасыра-жасыра шаршаған соң, енді ғой ажырасам деп жүргені. Карта ойнап, үлкен қарызға батып алып, қашып кетіпті. Адам деген де сондай болады екен-ау! Үш баласы бар адам сөйтіп жүре ме? Бұл заманның ер-азаматтары қандай болып барады? Жауапкершілігі жоқ, өңшең қаңғығандар кездесті қыздарыма. Шамамыз келгенше жағдайларын жасадық қой, ары қарай әдемі болып өмір сүрсе қайтеді? — деп Әсемгүл сөйлеп отыр.

— Мам, соны айтсаңызшы. Осы жұрт ажырасқан деп бірінші әйелдерді кінәлайды, «әйел жақсы болса, еркек кетпес еді» деген сияқты… Ал еркектерге неге олай ешкім айтпайды? Міне, екі күйеу балаңыз, екеуі де «непутевый» болып шықты. Соған біз кінәліміз бе? Әйел бақыты семьяда дейді, мынадай еркектермен қалай бақытты боласың? Мен сондықтан да тұрмысқа шыққым келмейді. Тағы бір рет қателескім келмейді. Біреуге тиіп, тағы туып, оны да саған алып келем ба сонда? Ондай өмірдің қажеті қанша? Осы өмірім тыныш… — деді қызы.

— Сонда саған осы өмір ұнай ма? Жалғызсың. Бақыттымын деп ойлайсың ба? — деді Әсемгүл.

— Мам, сіздің ойлау жүйеңіз басқа, қазір басқа заман. Бақытты отбасынан таппадық қой. Сонда не істе дейсіз? Қане отбасындағы әйел бақыты, қайда? Көрсетіңізші маған! — деді қызы көзінің жасын анасына білдірмей сүртіп жатып.

Әсемгүл үнсіз қалды. Иә, қайда отбасындағы әйел бақыты, қайда кетіп барады?…

Еңлікгүл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.