Рудныйдағы гастроль: алғашқы нотадан басталған махаббат

«Астана Опера» әртістерінің Рудныйдағы өнер көрсетулері таңданысқа толы пікірлермен және ду қол шапалақтаумен өз мәресіне жетті. Қазақстан қалаларына гастрольдік саяхат аясында елордалық театрдың опера труппасы мен Камералық оркестрі алғаш рет Қостанай облысының өнеркәсіптік орталығында болып, жергілікті орындаушылық өнер табынушыларының жүрегін мәңгіге жаулап алды.

 

Сәуірдің аяғынан бастап «Астана Опера» гастрольмен Павлодар, Екібастұз, Қарағандыда болды. Енді міне – Рудныйдағы өнер көрсету артта қалды. 15-16 маусымда түрлі жастағы көрермендер «Горняк» мәдени ойын-сауық орталығының залында ұлы өнермен кездесуге керемет мүмкіндік алды. Бұл Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінің, Транском, ERG Service жұмысшылары мен олардың отбасыларына елордалық әртістердің өнер көрсетуін ұйымдастырған ERG компаниясы бастамасының нәтижесінде мүмкін болды.

 

Гастрольдік саяхаттың бірегейлігі – оның танымдық бағытқа ие болуы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жарияланған Балалар жылында театр басшылығы өскелең ұрпаққа көбірек көңіл аударуда. Сондықтан әдейі балалар үшін тамаша әрі қайталанбас «Музыка әлемімен» таныстыратын таңғажайып концерт дайындалды. Онда болған балалар да, жасөспірімдер де, сөздің турасын айтқанда, концерттен бізді қоршаған дыбыстардың көптігіне таңданып шығып жатты.

 

Алты жасар егіздер Лиза мен Еваның анасы – Дарья Коломиец балаларына тосынсый жасау үшін қайда баратындарын соңғы сәтке дейін айтпаған:

 

– Балаларым үшін бұл классикалық музыкамен және операмен алғашқы танысу болды, оларға қатты ұнады. Бағдарламада қолданылған тәсілдер балаларға қызықты әрі түсінікті, себебі бұл олардың жасына лайықталған, балалардың музыкаға деген қызығушылығын оятады. Сонымен қатар, менің ойымша, концерт барлық жастағы адамдарға танымдық әрі пайдалы, өйткені ол классикаға бойлауға көмектеседі. Жанды дыбыс пен әртістердің дарыны музыканы жақсырақ сезінуге және қабылдауға мүмкіндік береді, себебі сахнадан елітіп әкететін қуатты күштің лебі есіп тұрды.

 

Концерттен кейінгі жағымды әсерімен бұл жерге әжесі ертіп апарған сегіз жасар Филипп Ведин де бөлісті:

 

– Мұндай өнер көрсетуде алғаш рет болдым және қатты таңғалып тұрмын. Маған музыка әлеміне саяхат ұнады, әсіресе мысықтар жайлы нөмір есімде қалды. Түрлі дауыстар мен аспаптардың үнін тыңдадым. Елордалық аспапшы мамандардың концертіне келгеніме қуаныштымын.

 

Гитара сыныбы бойынша музыкалық колледждің 4-курсын тамамдағалы жатқан студент Жасмин Байрамгаринина үшін классикалық музыка өмірінің маңызды бөлігі саналады.

 

– Концерт керемет, онымен қоса танымдық болды, маған қатты ұнады. Классикамен барлығы танысуы керек деп есептеймін. Әсіресе маған баритон Темур Умаровтың ән айтқаны, сондай-ақ Малика Минизинидің орындауындағы «Кармен» операсынан «Хабанера» ерекше ұнады, квинтеттің өнер көрсетуінен зор әсерге бөлендім. Барокко музыкасын қатты ұнатамын. Балаларды музыкаға ерте жастан баулу олардың есту қабілетін жетілдіріп, жан-жақты дамытуға көмектесетініне сенімдімін. Мұндай білім жобалары өскелең ұрпақтың музыкалық мәдениетін қалыптастырады, – деді бойжеткен.

 

Ересек көрермендерге елордалық театр репертуарындағы ең танымал шығармалардың бірі – Джоаккино Россинидің «Жібек саты» опера-буффасы ұсынылды. Италиялық операның үздік дәстүрлері негізінде жасалған әрі дарынды әртістер орындаған тамаша комедия ешкімді бейжай қалдырмады. Театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Артур Габдиев, Рамзат Балакишиев, Алтынбек Әбілда, театрдың жетекші солистері Татьяна Вицинская мен Евгений Чайников өздерінің керемет дауыстарымен және шексіз әртістік шеберліктерімен Рудный тұрғындарын өздеріне қаратты.

 

Көрермен Аружан Бижанованың айтуынша, әртістердің өнер көрсетулері жоғары деңгейде болды.

 

– Елордаға барғанда, мен әрдайым «Астана Операға» ат басын бұрамын. Бізге Рудныйда опера өнері жетіңкіремейді, осынау ләззатты жиі сезінгіміз келеді. Мен операның, камералық ансамбльдердің жанкүйерімін, Евгений Чайников пен Жаннат Бақтайды қатты жақсы көремін. Бүгін Артур Габдиевті алғаш рет тыңдап, үлкен әсер алдым, – деді көрермен.

 

– Рудныйға «Астана Опера» әртістері келетінін білген бойда, осында ұлы өнерден рақат алу үшін міндетті түрде келетініме еш күмәнім болған жоқ, – деді операның тағы бір рудныйлық жанкүйері Мәрзия Сансызбаева. – Менің ойымша, Қазақстанда тұратын адамдар өте дарынды әрі шығармашыл. Италиян тілін білмейтін жандарға да бәрі түсінікті болды, өйткені әртістер автордың барлық ойын өздерінің эмоциялары, интонациялары, қимылдары арқылы бере білді.

 

Апалы-сіңлілі Гүлнәр Сағымова мен Жібек Кенжебек өздері үшін осы өнер түрін ашты.

 

– Бүгін мен операны алғаш рет тыңдап, елордалық театрға барғым келіп кетті. ERG-дің бастамасының нәтижесінде танымал әртістердің Рудныйға келгеніне қуаныштымын. Керемет орындау, тамаша вокал, әдемі костюмдер, жарасымды әзіл – осының бәрі мерекелік көңіл күй сыйлады. Өнер көрсетулер үшін үлкен рақмет! – деді Гүлнәр Сағымова алғысын білдіріп.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен өнер көрсеткен «Астана Опера» Камералық оркестрі де көпшіліктің ерекше қошеметі мен ықыласына бөленді.

 

Ерлі-зайыпты Саулиндер дирижерге деген таңданыстарын білдіріп, елордалық опера әншілерінің өнер көрсетуін нағыз сыйға теңеді.

 

– Ғажап қойылым, керемет оркестр, тамаша дирижер. Оған үлкен «рақметімді» айта барыңыз! – деп, өтініш білдірді Рудный қаласындағы музыкалық колледждің оқытушысы Наталья Саулина. – Россиниді әндетіп айту өте қиын, бірақ бұл әртістердің қолынан келді. Бәрі үйлесімді, әдемі болды: костюмдер де, декорациялар да. Спектакль қызықты, көңілді өтті. Көптен бері операда болмаған едім, қатты таңғалып тұрмын. Комбинаттың осындай мүмкіндік бергеніне өте қуаныштымын.

 

Рудныйдағы музыкалық өнер табынушыларымен болған кездесу Қазақстанның өнеркәсіптік орталықтарына үлкен гастрольдік саяхат аясындағы соңғы кездесулердің бірі болатын. Алда – ақтөбелік көрермендермен кездесу бар. Қазақстанның батысында өнер көрсетулер 28 маусымда 16:00-де және 19:00-де Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының сахнасында, яғни «Өнер орталығы» концерттік залында өтеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.