Ақыл мен жүрекке арналған гала-балет

28 маусымда елорда тұрғындары мен қонақтарын «Астана Опера» әртістерінің қатысуымен болатын ұмытылмас балет кеші күтеді. Заманауи отандық және шетелдік хореографтардың миниатюраларынан және классикалық балеттерден па-де-деден құрылған жаңартылған бағдарлама, сондай-ақ Раймондо Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» бір актілі спектаклі театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен жүректерді жиірек соғуға мәжбүрлейді.

 

«Астана Опера» балет труппасының сахнаға әрбір шығуы – ұлы өнерді бағалайтын жандар үшін құнды сыйлық, көрермендермен көптен күткен кездесуге Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жетекшілігімен әртістер зор ынтамен дайындалуда.

 

Оған сипаты мен мәнері мүлде әртүрлі нөмірлер енгізілді. Ф.Шопеннің музыкасына «Шопениана» балетінен Жетінші вальсті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева мен Данияр Жұматаев таныстырады (дебют), Р.Петидің хореографиясында Ж.Бизенің «Кармен» балетінен дуэт – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гаухар Усина мен Жәнібек Ахмедиев, соңғысы үшін бұл осы рөлде сахнаға  алғашқы шығуы болмақ, Б.Асафьевтің «Париж алауы» балетінен па-де-де – Шұғыла Әдепхан (дебют), Серік Нақыспеков, Л.Минкустың «Дон Кихотынан» па-де-де – Мәдина Басбаева мен Арман Уразов.

 

Көрермендерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева мен Ғалымжан Нұрмұхаметтің орындауында Р.Гайсиннің музыкасына П.Бананың  хореографиясында «Дала үні» ұлттық балетінен әсерлі дуэт күтеді, сондай-ақ «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына   «Қилы заман» әсерлі нөмірін Сұлтанбек Ғұмар таныстырады.

 

Р.Ребектің хореографиясында «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінен дуэт жарқын әрі есте қаларлық болмақ, оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева мен Далер Запаров дайындауда.

 

– Бұл дуэтте мен өнер көрсететін бейне дерексіз. Балетті  Раймондо Ребек қойды, жалпы ол менің сүйікті балеттерімнің бірі болып табылады. Оның жұмыстарын эстетикасы, пластикасы, сахнаны көрудегі ерекшелігі үшін бағалаймын. Хореографиясы, музыкалық материалды таңдауы жаныма жақын, соның бәрі маған әртіс ретінде балетмейстердің ойын ашуға көмектеседі. Бұл партияны орындамағаныма көп болды, сондықтан онда жаңа бояулар пайда болуы ықтимал,  – деп пікірімен бөлісті Әйгерім Бекетаева.

 

Германиялық танымал хореографтың авторлығына гала-балет кешін аяқтайтын «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» қойылымы да тиесілі. Раймондо Ребек заманауи хореографияға өзінің жаңа көзқарасымен әйгілі. Ұстаз, хореограф, беделді ұлттық және халықаралық байқаулардың лауреаты – ол зор сұранысқа ие және бүкіл  әлем бойынша балет труппаларымен белсенді қарым-қатынас жасайды. Ребектің қызметтік тізімінде Р.Пети, М.Бежар, Р.Нуреев, И.Шовире, А.Асылмұратова, Х.В.Манен, И.Килиан және басқа да танымал хореографтармен, әртістермен еңбектері бар. Айта кету керек, неміс маманы алда келе жатқан мерейтойлық маусымның жарқын премьераларының бірін дайындауда.

 

Автордың сызбасы бойынша «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» қойылымының сценографы ретінде Виктор Караре тер төкті, жарық бойынша суретші – Карло Черри, костюмдер бойынша суретші (Р.Ребектің сызбалары бойынша) – Арасель Досмұратова.

 

«Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» спектаклі тұрмыстың мәнімен байланысты философиялық мәселелерді көтереді. Бишілердің үш жұбы адам өмірін оның түрлі кезеңдерінде бейнелеп, өмірдің түрлі оқиғалары жайлы естеліктер неге мәңгілік, не болмаса қас қағым сәтке ғана созылуы мүмкін деген күрделі сұрақтың жауабын ой елегінен өткізеді.

 

Бір актілі спектакльде партияларды, атап айтсақ Уақыт – Арман Уразов, Бозбалалық шақ – Шұғыла Әдепхан мен Айбар Тоқтар, Жастық шақ – Анастасия Заклинская мен Олжас Тарланов, Кемелденген шақ – Мөлдір Шәкімова мен Далер Запаров орындайды.

 

Гала-бағдарламаның басты ерекшелігі – мұнда бір кештің аясында көрермендер бірден бірнеше балетте «болып», нәзік әрі пәк махаббаттың, құштарлық пен  қастастықтың куәгерлері атанады және әртістермен бірге адамзаттың басты сауалдары төңірегінде ой жарыстырып, толғанады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.