Қышыма ауруынан сақтанайық!

Қышыма (чесотка) терінің жұқпалы ауруы. Оны тарататын қоздырғыш қышыма қотыр кенесі. Қышыма адаммен қарым-қатынас жасағанда, онымен төсек орынды, киім кешекті, орамалды сүлгіні, ысқыны (мочалка) т.б. заттарды бірге пайдаланғанда жұғады.

Тиісті санитарлық тәртіп сақталмаса моншада, душта, жатақхана мен мейманханада да кышыма ауруына ұшырап қалуыңыз мүмкін.
Қышыма ауруын жұқтырған кезде дененің кей тұсы бой бермей дуылдап кышиды, үстін түрлі түйіншектер, көпіршіктер, қанды қабыршақтар, тырнақ ізі басады. Мұндай жағдай аяқ-қолдың буын бүгілістерінен де, саусақ аралықтарынан да, тұла-бойдан да байқалады.Осындай белгі сезілді дегенше, уақыт оздырмай дәрігерге көріну керек. Қышымамен күресте дәрігерге уақытында көріну де, дер кезінде тыңғылықты емделу де, науқастың тұтынған заттарындағы паразиттің көзін жою да маңызды.
Қышымадан аман болудың басты жолы тазалық. Апта сайын суға түсіп, іш киімді  ауыстырып тұру шарт. Әсіресе біреудің киімін киюден аулақ болыңыз.
Қышымаға шалдыққан адам ауруханаға жатпай, үйде емделсе, оның төсек-орыны, тұтынатын заттары басқалардікіне араластырылмайды. Кірлеген іш киімдері бөлек калтаға салынады. Оларды 2% сода ертіндісі немесе кез-келген ұнтак сабын қосылған, сақылдап қайнап тұрған суда 10 минуттай қайнатып жуу керек. Дезинфекциялық заттар болған жағдайда олар дәрігер айтқан ертіндіге ғана салынады. Сырт киім тек үтіктеліп қана киіледі. Науқас жатқан бөлме 2 пайыздық сабын-сода ертіндісімен күн сайын сүртіледі. Моншада басқаның ысқысын, сыпыртқысын (веник) пайдаланбаңыз.
Қышымадан дәрігерге уақыт оздырмай көрініп, жеке бас тазалық талаптарын сақтаған адамның тез айығатыны жадыңызда жүрсін.

Б.Идияева,

Шымкент қаласы Қаратау ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы. 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.