Қызылшадан сақтана білейік!

ҚЫЗЫЛША – кең таралған жіті инфекциялық ауру, көбінесе балалар ауырады, дене қызуының 38—40°C дейін көтерілуі, мұрын, көз, тамақ қабыну, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады.
Қызылша бүгінгі күні ең жұқпалы аурулардың бірі. Бұл инфекцияға шалдыққыштық 100% — ол дегеніміз, егер бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.

Қызылшаның белгілері: Аурудың өрбу кезінде анықтау қиындық туғызбайды. Теріде қызылша бөртпелері шықпай тұрғанда, науқастың қызылшамен ауырған ортада болуы, тамағындағы қабыну, көздің қызаруы, ұртта Бельский-Филатов-Коплик ақшыл бөртпелердің пайда болуы диагнозды растайды. Кейін теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді .Инкубациялық кезең – жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7- 14 күнге дейін. Есте сақтау керек: ауру бөртпе пайда болып басталмайды,  суық тию белгілері сияқты басталады-дене қызуы 38-40 градусқа көтерілу, әлсіздік, тәбет тартпау, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу.
Соңынан коньюктивит-көзі қызарып қабыну пайда болады. Алғашқы белгілері байқалып, шамамен 2-4 күннен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың  түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады.

Аурудың себептері: Берілу жолы — ауа-тамшы арқылы. Вирус сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейінен сыртқы ортаға түседі. Инфекция көзі – төртінші күн бөртіп ауырып жүрген адам. Бесінші күннен бөртіп жүрген адамнан жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойға иммунитет сақталады. Анасы қызылшамен ауырып қойған балада туғаннан 3 айға дейін шалдығу болмайды, өйткені осы уақытта оның  қанында сақтайтын анасының қарсы денелері сақталады. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамда  өмір бойы ауруға шалдығу қаупі кез-келген жаста болады.
Емдеу жолдары  Жұқпаның жеңіл түрінде, үй жағдайы қанағаттанарлық болғанда, яғни кішкентай нәресте, балалардың болмауы, жатақхана т.б. Науқастар үйде емделеді, ешкімге жұқпау үшін, жұғу кезеңінде төсекте жатады. Көзіне күн жарығы түспейтіндей жағдай керек, тамағын шайқап, көзін тазалап, 2% сульфаций натрий сұйығын көзге 3-4 рет тамызады. Науқасқа мол құнарлы сұйықтар беріледі. Шағымына байланысты жазылғанша дәрігер бақылауы қажет.

Үйде немен емделеміз? Бала төсекте жатуы керек, сұйықты көп ішіп, құнарлы тамақ жегені жөн, аспирин ішуге болмайды. Егер ол қою тамақты жей алмаса, сұйық сорпа беріңіз. Егер балаға емшек ему қиынға соқса, онда емшекті сауып, сүтті қасықпен ішкізіңіз. Көздің бүлінуін болдырмау үшін мүмкіндігінше А дәруменін беріңіз. Қызу көтерілгенде және бала тынышсызданғанда парацетомол беру қажет. Егер құлағы ауырса, антибиотиктер ішкізген жөн. Өкпесінің қабынғандығын, менингитті немесе құлақ пен асқазанның қатты ауырғандығын білдіретін белгілер байқалса, дәрігер шақырыңыз. Қызылшаның арнайы емдеу препараты жоқ. Науқасқа витаминдерге бай тағамдар көкөністер, жемістер, шырындарды көп мөлшерде ішу қажет.
Егер баланың іші өтсе, регидрационды су беріңіз.
Асқынуы Асқыну көбінесе 5 жасқа дейінгі балаларда немесе 20-дан асқан ересектерде болады. Кең таралған түбі – құлақ ортасының қабынуы (отит), бронхопневмония, мойын лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит. Өкінішке орай, асқынулар болып тұрады, сондықтан да ауруды қатаң медициналық бақылау керек, учаскелік дәрігер пациентті күніне бірнеше рет қарау керек. Қызылшаға деген секем туа сала, дереу дәрігерге қаралу қажет. Бұл тек қана диагноз қою мен емдеу үшін ғана емес, ауырған адамның ұжымында, айналасында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу үшін өте маңызды.
Алдын алу Қызылшаның алдын алуда тиімді  де сенімді шаралардың бірі – егілу. Қызылшадан егілу сақтану иммунитетін қалыптастырады. Бірінші екпе бала 1 жаста, екінші екпе бала 6 жаста болғанда жүргізіледі. Екпе 15 жыл бойы тұрақты, сақтау тиімділігін қамтамасыз етеді.
Қызылша пайда болса, ауырған адам болған инфекция ошағында, ұжымда  эпидемияға қарсы шаралар жүргізіледі. Инфекция ошағында күн сайын аурумен қарым-қатынаста болған адамдарды тексеріп, термометрия жүргізеді. Жұқтырған адамдар болса дереу оқшаулайды. Қызылша, қызамыққа және шошқа мойынға (ҚҚП) қарсы екпе бұл аурулардан сақтайды!  Қызылшаға қарсы вакцинаны ойлап шығару – бұл медицина ғылымының үлкен жеңісі.
Вакциналар Қазіргі таңда қызылша ауруымен күрес және алдын алу, осы аурудың асқынуынан сақтану ол-вакцинация екенін ұмытпаған жөн. Қызылшадан вакцинация арқылы қорғануға болады. Қызылша, қызамыққа және шошқа мойынға (ҚҚП) қарсы екпе бұл аурулардан сақтайды!  Туберкулез, лимфома, лейкоз ауруларымен ауырған найқастарға, жүкті әйелдерге,  сонымен қатар ИТВ жұқпалы дертін жұқтырғандарға  тірі вакцинация жүргізілмейді. ҚҚП екпесі қауіпсіз. ҚҚП екпесін алған адамдардың көпшілігінде қолайсыз жағдайлар байқалмайды. Өте сирек кездесетін егуден кейінгі қолайсыз жағдайлар дене қызуының көтерілуімен ғана шектелуі мүмкін, ал денеде бөртпе пайда болып немесе құлақ айналасындағы және сілекей бездерінің ісінуі одан да сирек кездеседі. Бұл қолайсыз жағдайлар егуден кейін 7-12 күн ішінде жойылады.
Қазақстан Республикасында мектеп оқушылар, жоғарғы және орта оқу орындарының студенттеріне, әскери және медицина қызметкерлеріне қызылша ауруына қарсы қосымша жаппай иммнунизация жүргізілген, бірақ соңғы жылдары қызылша ауруы тағы да тіркелді. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қызылша ауруына 1 және 6 жас аралығында екі реттік вакцинация жүргізіледі.

Құрметті ата-аналар! Қызылшаға қарсы вакцинация Сізді және Сіздің балаларыңызды аурудан қорғайды және болашақтағы дені сау ұрпақтың кепілі болып табылады

 

Ә.Төребек,

 Шымкент қаласы Қаратау ауданы санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық  қадағалау бөлімінің жетекші маманы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.