«AMANAT»: 100-ГЕ ЖУЫҚ ОҚУШЫҒА МЕКТЕП ҚҰРАЛДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ
«АMANAT» партиясының Жетісай және Мақтаарал аудандық филиалдарында «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы шеңберінде бүлдіршіндерге мектепке қажетті заттар табысталды. Акция әуелі Жетісай ауданындағы Ж.Құрманбеков атындағы драма театрында өтті. Игі шараға Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат депутаттары Нұралы Әбішев, Тимур Қырықбаев, Талғат Қаржауов, аумақтық партия филиалының Атқарушы хатшысы әділхан Асауов қатысты. Акция барысында аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 50-дей оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтары бар сөмкелер табысталды.
Мектеп оқушыларына арналған акция әрі қарай Мақтаарал ауданында жалғасты. Көшбасшы партияның аудандық филиалының ғимаратында өткен шарада 40-тай астам оқушы акция аясында оқуға қажетті құралдармен жабдықталды. Шараға аталған азаматтардан бөлек облыстық мәслихат депутаттары Ойрат Мамиров, Ұлжанат Жұрымбетова, аумақтық партия филиалының Атқарушы хатшысы Досым Асабаев және аудандық мәслихат хатшысы Қадір Сәрсекбаев қатысты.
Аталған акция партияның бастамасымен 2010 жылдан бері «Бақытты отбасы» жобасы аясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ізгі шараға барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, БПҰ төрағалары, партия белсенділері мен қызметкерлері атсалысып келеді.
Жиын соңында Фракция жетекшісі Б.Дәулетұлы қос ауданда өткен науқанға қолдау көрсеткен облыстық мәслихат депутаттарына алғысын білдірді. Жиын қатысушылары жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Балдырғандарға қуаныш сыйлайтын және отбасыларға қолдау көрсететін партиялық жоба өзге аумақтық филиалдарда да жалғасады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі