• «AMANAT»: КООПЕРАТИВ ҚҰРУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІ ПАРТИЯЛЫҚ ЖОБАҒА ЕНГІЗІЛДІ
Елімізде ауыл шаруашылық кооперативтерін құру 2008 жылы басталған. Бірігіп жұмыс істеу арқылы шаруалар жиі кездесетін кедергілерден оңай өте алады. 14 жылдан бері кооператив құру жолдары өзгеріп отырды. Дегенмен ең тиімді тәсілі 2023 жылы іске аспақ. Бұл туралы «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасының арнайы тобы Түркістан облысы, Арыс қаласындағы сапарында мәлімдеді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін мобильді топ Дермене және Монтайтас ауылдарында болды. Аграрлы аймақтың халқымен кездескен аталған жоба сарапшылары тың жаңалықтармен бөлісті. Партия және Үкімет бірлесіп іске асырған бұл бағдарламада жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық несиеден бөлек бірқатар ұтымды тұстары бар. Аграрлы аймақтың халқымен кездескен жоба сарапшылары кәсіп түрлеріне жекелей тоқталып, тың жаңалықтармен бөлісті.
Солардың бірі коуч-тренер Ұланбек Нұрманов заң және бизнес саласында білікті әрі тәжірибелі маман. Ол «Ауыл аманаты» партиялық жобасы көптің көкейінде жүрген сұрақтарды қамтыған және мейлінше талаптары оңтайландырылған бағдарлама деп есептейді.
— Бұған дейін кооператив құру үшін жылжымайтын мүлікті кепілдікке қою және белгіленген адам санын жинау міндетті болса, бұл жобада небәрі 5 АЕК көлемінде жарна төлеп, тіпті 3 адамнан құруға мүмкіндік бар. Бүгінгі таңдағы өзгеріс — жеке тұлғаларға аса мән берілуінде. Жаңа кәсіп иелеріне үлкен көмек. Бағдарлама аясында субсидиялар алу, кәсіпкер өнімін дүкен сөрелерінде орналастыруға дейін қаралады. Шалғай ауыл халқымен кездесулерде берілген кеңестердің бірі — ауыл әкімдерімен тығыз байланыста болып, өз ұсыныстарын білдіру. Сонда жобаға өзгеріс енгізу барысында алдымен халықтың сұраныс-тілегі сараланады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары ауылдарға өздері барып, құжаттарды жинақтауға көмектеседі. Яғни орталыққа барып сабылуға қажеттілік туындамайды. Сондықтан бағдарлама ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді — дейді ол.
«Ауыл аманаты» партиялық жобасына 18 жастан бастап зейнет жасына дейінгі ауыл азаматтары үміткер бола алады. Кездесулерде көтерілген мәселелер мен айтылған сын-пікірлер, ұсыныстар жобаны одан әрі жандандыру барысында ескеріледі. Халықтың сұранысы 2023 жылы іске асырылады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі