• «АМАНАТТЫҚТАР» ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚПЕН БӨЛІСТІ

Келес ауданында ауыл шаруашылығымен айналысуға су тапшы. Бұл туралы «Ауыл аманаты» партиялық жобасының кезекті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында айтылды. Осылай деген ауыл тұрғындарына насихат тобы жан-жақты кеңестер берді. Мәселен, кәсіпті таңдау кезінде ауылдың мүмкіншілігіне қарай отырып дамытқан жөн дейді. Өйткені, проблемалы тұстарын біле тұра сол кәсіпті қолға алған адамның нәтижеге жетуі екіталай. Сондықтан жаңа тәсілдерге қадам басу маңызды. Ошақты және Біртілек ауылы тұрғындарымен кездесулерде жеңілдетілген несие алу шарттары жайлы түсіндірмелер жүргізілді.

Ең көп қойылған сұрақтардың бірі — кепіл мәселесі. Азаматтарға жер кепіл ретінде қабылданбайтыны және кепілсіз несие берілмейтіні хабарланды. Дегенмен жобаның тиімді тұстары бар. Егер үміткерде жылжымайтын мүлік болмаған жағдайда, өзге адамның келісімімен нотариалды түрде кепілдікке ұсына алады. Ал, ұтымды жағы — Қазақстанның қай аймағында орналасқаны маңызды емес. Бұл тұрғындар үшін жағымды жаңалық болды. Өйткені жас отбасылардың басым бөлігінде жылжымайтын мүлік жоқ. Жаңа жобаның аталған талабы арқылы олар кәсіппен айналысып, күнкөрісін жақсартуға мүмкіндік алады.

Жыл соңына дейін жүргізілетін скринингтен соң, қай ауылға қандай кәсіп тапшы немесе халықтың сұранысы қалай деген сауалдарға жауап анықталады. Осылайша партия мен Үкіметтің бірлескен бастамасын ауыл әкімдері мен жергілікті тұрғындар жалғайды. 2023 жылдан бастап әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Өйткені Жамбыл облысында тәжірибе ретінде басталған жоба оң нәтижесін көрсеткен. 2500-ге жуық тұрғын пилоттық жоба аясында несие алған. Табысын арттырған “жамбылдықтардың” 37 пайызы борышын мерзімінен бұрын өтеген. Бүгінде олар келер жылы бастау алатын бағдарламаны асыға күтіп жүр. Түркістан облысындағы жобамен таныстыру жұмыстары да азаматтардың қызығушылығын оятты.

— Мына ақпаратты түсінген адамға бұл үлкен қуаныш болатыны анық. Өйткені 2,5 пайыздық несиемен 1,5 жыл демалыс алу бұрын-соңды болмаған. Мемлекеттің ауыл тұрғындарына берген мүмкіндігі деп түсінемін. Жоба халықтың қолдауына ие болса, жағдайымыз жақсарады. Мен енді кездесуге қатыса алмаған ауыл тұрғындарына бұл жаңалықты жеткіземін және өзім қатысамын, — дейді ауыл тұрғыны Рахматулла Ермеков.

Ал аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев ауыл тұрғындары мұндай мүмкіндіктен қағылмауы үшін ауыл аралап, жобамен таныстырмақ ниетте.

— Аграрлы аудан болғаннан кейін ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 2,5 пайызбен берілетін несиенің тиімділігі жайлы жақсы түсіндірді. Енді біз халыққа насихаттайтын боламыз. Ауылдық округтерге барып, халықпен жеке-жеке кездесулер ұйымдастырып, жобаны насихаттауға атсалысамыз, — дейді ол.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.