«AMANAT»: 100 ОҚУШЫ МЕКТЕП ҚҰРАЛДАРЫМЕН ҚАМТЫЛДЫ
«AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында 2010 жылдан бері «Балаларды мектепке даярлаймыз» акциясы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгін партияның Түркістан облыстық және қалалық филиалдарының ұйымдастыруымен “Оқушылар сарайында” 100 бүлдіршінге мектепке қажетті құрал-жабдықтары бар сөмкелер табысталды. Игі шараға партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат депутаттары Бекарыс Шойбеков, Шолпан Бегалиева, Инара Намазбаева, партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев, Түркістан қаласы Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова, қалалық мәслихат депутаттары Ғ.Худияров, Ж.Сүлейменова, А.Абдуллаев қатысты. Халық қалаулылары қолдау көрсеткен шарада Бейсен Дәулетұлы биыл өңірде 1500-ден астам мектеп оқушысына оқуға қажет құрал-жабдықтар берілгенін айта келе:
— Жылдағы дәстүрге сәйкес «AMANAT» партиясы «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясы шеңберінде республика көлемінде 30 000-ға жуық мектеп жасындағы жеткіншікке оқуға қажетті жиынтықтар табысталуда. Науқан арқылы біз көмекке мұқтаж көпбалалы жанұяларға нақты көмек көрсетудеміз. Акцияға партия депутаттарынан бөлек, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен белсенді азаматтар да қатысуда. Аталған шара партияның 17 аудан, қалалық филиалдарында жалғасады. «Балаларды мектепке даярлайық!» – бұл әлеуметтік көмеккке мұқтаж отбасыларға демеу көрсететін бір ғана шара емес. Партияның ұйымдастыруымен аз қамтылған және көпбалалы жанұяларға өзге де қайырымыдылық шаралары атқарылуда,-деді.
Бүлдіршіндерге сөмкеден бөлек, жанына оқуға қажетті қалам, дәптер, сурет салуға арналған жабдықтар мен еңбек құралдары берілді. Өз кезегінде көпбалалы ана Г.Мыңбаева жаңа оқу жылы қарсаңында көмек көрсеткені үшін партиялықтарға алғысын жеткізді.
— Мен 4 баланың анасымын. Биыл тұңғышым 3-сыныпқа өтсе, одан кейінгі қызым мектеп табалдырығын енді аттауда. Қос балақайыма мектеп формасын әперуге біраз қаражат жұмсадым. Мектеп оқушыларына осындай қамқорлық танытып келе жатқан «AMANAT» партиясына алғысымыз шексіз. Бұл ата-аналар үшін үлкен көмек,-деді Г.Салықбайқызы.
Шараға қатысушылар жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Оқушылар сарайының өнерлі өрендері бүлдіршіндерге арнап әуелете ән салды. Балдырғандарға қуаныш сыйлайтын және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға қолдау көрсететін өзге де партиялық жобалар жалғасын таппақ.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі