Шымкент: Үш күнде 3500-ден аса әкімшілік құқықбұзушылық анықталды
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің нұсқауы бойынша Шымкент қаласы аумағында 2022 жылғы 19-21 тамыз аралығында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кезекті рейдтік іс-шара өткізілді.
Мақсаты — халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тиісінше ұйымдастыру, қала аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, көлікті бақылау инспекциясы, денсаулық сақтау, білім беру ұйымдары мен салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі аумақтық орталықтар, мүдделі азаматтық қоғам институттары, бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер жұмылдырылды.
Осы орайда, Шымкент қаласы бойынша рейдтік іс-шараның 3 күнінде 3527 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Атап айтқанда: Көлік құралын мас күйде басқарған – 13, авариялық жағдай туындатқан – 13, басып озу немесе маневр жасау тәртібін бұзған – 68, қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 16 жүргізуші анықталды. Сондай-ақ, 519 жаяу жүргінші жол ережесін бұзғаны белгілі болды. Өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 2898 әкімшілік хаттама толтырылды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі