«ЖЕР АМАНАТЫ» КОМИССИЯСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
🇰🇿Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «ЖЕР АМАНАТЫ» комиссиясының алғашқы отырысы өтті. Отырысты «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, комиссия төрағасы М.Қалмұратов жүргізді. Естеріңізге салсам, «AMANAT» партиясы жанынан «ЖЕР АМАНАТЫ» республикалық комиссиясы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, пайдаланылмай жатқан немесе берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға жәрдемдесу және олардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 22 маусымда құрылды.
Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, қарқынды жұмыс атқарылуда. Мәселен, күні бүгінге дейін елімізде 350 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде Қарағанды облысында – 82 мың га, Қостанай облысында – 67,1 мың га, Жамбыл облысында – 46,3 мың га, Жетісуда – 41,9 мың га, Ақтөбе облысында – 20 мың га, Түркістан облысында – 17 мың га, Ақмола облысында – 60 мың га, Солтүстік Қазақстан облысында – 18,9 мың га және Алматы қаласында 5 га жер қайтарылып алынды.
📌Шымкент қалалық қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.а. Н.Жүнісбектің айтуынша, шаһар аумағы 116 280 гектарды құрайды және 4 әкімшілік ауданға бөлінген. Жалпы қала аумағында 2021 жылғы жер балансы жағдайы бойынша 59 мың га астам ауыл шаруашылығы пайдаланымдағы жерлері тіркелген. Ауыл шаруашылығы жерлеріне сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан 2019-2021 жж. аралығында кешенді мониторинг жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 2020 жылы 836 жер пайдаланушы (алаңы 8637 га) және 2021 жылы 291 жер пайдаланушы (алаңы 2407 га) тұратын пайдаланылмайтын жер анықталған.
☑️ ҚР Жер кодексінің 92 бабы, 2-тармағында, егер құрылысқа арналған жер учаскесi оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл ішінде мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайда, онда мұндай жер учаскелері жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесін қоспағанда, мәжбүрлеп алып қоюға жатады делінген. Ал, ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелері пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап қатарынан екі жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Мұндай фактілер бойынша басқарма тарапынан құзырлы мекеме сол кездегі Шымкент қаласының қалалық орта сапасын бақылау басқармасына қолданыстағы Заңнамаға сәйкес тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға ұсыныстар жолданған. Жалпы, жыл соңына дейін аталмыш комиссия мүшелері тұрақты түрде жиналып, кешенді мониторинг жұмыстарын жүргізетін болады.
#AMANAT #AMANATPartiyasy