ЖЕТІСАЙ: ӨРТТЕН ЖАПА ШЕККЕН КӘСІПКЕРЛЕРГЕ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ
Жетісайда базардағы өрт салдарын жою бойынша комиссия жұмысын бастады.
Комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өрттен жапа шеккен кәсіпкерлермен кездесіп, өртенген базар аумағын аралады. Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев және мәслихат депутаттарымен бірге базар иесімен сөйлесіп, айтып келмейтін апаттан зардап шеккен халыққа берілетін көмекті атап өтті.
«Базар иелерімен келіскендей, өртенген базар 20 күнде қалпына келтіріледі. Жөндеуден өткен соң кәсіпкерлер базарда 1 жыл тегін отырады. Сондай-ақ салық органдарымен бірлесіп салық төлеу мәселесі де қарастырылады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, келтірілген шығындарды өтеу үшін қор құрылады. Комиссия төрағасы ретінде базардағы кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қорға түскен қаражаттан шығындарды өтейміз», деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ төтенше жағдай салдарын жою комиссиясының бастамасымен банктер және кредиттік ұйымдармен кәсіпкерлердің несиесін төлеуде кем дегенде бір жылға каникул алуға келіссөз жүргізіледі. Жеңілдетілген несие беру бойынша да жұмыстар қолға алынбақ. Комиссия жағдайды саралап, шығындарын есептеу үшін 15-20 күн уақыт қажеттігін айтты.
Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі