«AMANAT»: САУРАНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КӨШЕЛЕРГЕ АСФАЛЬТ ЖОЛДАР ТӨСЕЛУДЕ

Сауран ауданы, Шорнақ ауылының бірқатар көшеге «AMANAT» партиясының ықпалымен асфальт жолдар төселуде. Еске салсақ, 2022 жылдың 6 сәуірі күні «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында аталған ауыл тұрғындарымен кездескен болатын. Онда тұрғындар Б.Майлин және Қ.Досметов, С.Сариев көшелеріндегі жолдың сапасы мен жарықтандыру мәселесіне шағымданған болатын. Атқарушы хатшы жөндеу жұмыстарына қажетті қаражатты бөлуді тапсырып, партияның қадағалауына алынатынын айтқан еді.

Қазіргі таңда аталған көшелерге «Сули» ЖШС мердігер мекемесі орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сауран аудан әкімінің Ғани Рысбековтің айтуынша Шорнақ ауылындағы көшелерге жол төсеу үшін бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылып, қазіргі кезде қызу жұмыстар жүруде.

— Сауран – дербес аудан болып құрылғалы оның қарамағындағы ауылдардың біраз мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бүгінде тас төсеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазірше тапшы болып жатқан битум қоспасы күтілу үстінде. Дегенмен, бұл мәселе жақын арада шешімін табады. Үш көше жыл соңына дейін асфальтталмақ. Құрылысты жеделдетуді және бақылау жұмыстарын аудандағы жол саласы мамандарына жүктедік. Сонымен қатар, Бабайқорған ауылынан Қарнақ ауылын жалғайтын жол да жөнделді,-дейді Ғ.Құрмашұлы.

Ал, ауыл тұрғыны Сабыржан Досметов:

— Көктемде Асхат Раздықұлының елді мекенімізге келгенін естіген сәтте біраз мәселелерді көтерген болатынбыз. Әсіресе, ауыл ортасындағы қозғалыс көп болатын үш көшенің жолы мен жарық, ауыз су, жаяу жүргіншілер жолының проблемасын жеткіздік. Тұрғындар жиі жүретін орталық көшелерде қазір тас төселіп, жақын арада шешілетіні қуантып отыр. Оған қоса, үлкен жолдың бойынан жаяу жүргіншілерге арналған жол да жасалуда. Бұл, әрине, аудан орталығының көркін кіргізері анық,-дейді.

Айта кетерлігі, Сауран ауданында ішкі көшелерді жөндеу жұмыстарынан бөлек, жарықтандыру бойынша да мемлекеттік сатып алу шаралары жүргізілуде. Мердігер мекеме анықталған соң тиісті шаралар қолданылады. Ал, ауылдағы жаңадан қоныс тепкен тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін аудандық қазынадан тиісті қаржы бөлінген. Жобалаушы мекеме белгіленген соң құрылыс жұмыстары басталады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.