ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҚТА ТЕРІМІ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысындағы Жетісай ауданында мақта терімі басталды. Биылғы жылы 80 мың гектарға жуық алқапқа мақта дәні себілген. Жалпы егістік жердің 49 500 гектары шитті мақтаны құрайды. Ерекше күтім мен баптауды қажет ететін техникалық дақылды теру науқаны басталғалы 1074 гектар алқаптың «ақ алтыны» теріліп, 1861,70 тонна өнім алынған. Бірінші терімнің өзінде өнімділік гектарына орта есеппен 18 центнерді құрап отыр. Сала мамандарының айтуынша биылғы науқанда мақталықтың 80 пайызға жуығын техникамен теру жоспарланып отыр.
Ақ ұлпаны техникамен теруді бастағандардың бірі – Ынтымақ ауылдық округінде орналасқан «Бақдәулет» шаруа қожалығы. Иелігіндегі 20 гектар жерге қосымша 30 гектар егістікті жалға алған қожалық төрағасы Серікбай Ахынов «Мақтаарал 40-11» сортты шит сеуіп, гектарынан 20 центнерден өнім алуда.
— Биыл жетісайлық шаруалар жалпы 49 500 гектар жерге мақта шитін сепкен. Қазігі таңда диқандарымыз мақтаға қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, жаппай мақта жинау науқанын бастап кетті. Аудан бойынша 29 673 мың гектар мақталық алқапқа дефоляция жұмыстары жүргізілген. Мақта жинау техникалары, 7 мақта зауыты мен 81 мақта қабылдау пункттері биылғы науқанға толықтай дайын тұр. Күзгі жиын-терім науқанын жауын-шашынға қалдырмай, ысырапсыз сәтті өткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз,- дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Абуов.
Одан бөлек, аудан бойынша күзгі дала жұмыстарына қатысатын 1897 дана ауыл шаруашылық техникаларының 224-і мақта терімге арналған комбайндар болса, бір ғана Ынтымақ ауылдық округінде 151 ауыл шаруашылығы техникалары мен агрегаттары науқанға сақадай сай тұр.
Негізгі күн көрісі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы аграрлы секторға тікелей байланысты Жетісай ауданының шаруа-дихандары үшін күн көзінің әрбір сәтін тиімді пайдалану аса маңызды. Ерте көктемнен басталатын еңбек еш кетпеуі үшін жиын-терім науқанындағы өнім бағасының жоғары, қырманның берекелі болуы да көптің тілеуі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.