ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Шымкент қаласында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының III спартакиадасы өтті. Төрт жылда бір рет өткізілетін жарысқа еліміздің 18 өңірінен келген 800-ден астам спортшы бақ сынады. Сурдлимпиада спортшылары жарыста спорттың 11 түрінен 150 медальды өзара сарапқа салды.
Спартакиадаға Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының спортшылары қатысып, жүлдегер атанды. Облыс намысын қорғаған сайыпқырандар 3 алтын, 3 күміс, 5 қола медаль иеленді.
Спорт клубының директоры Абай Ізтілеуұлының айтуынша, өңіріміздің мықтылары саналатын спортшылар дойбы, қол күресі, таеквондо, еркін және дзюдо күресі спорт түрлері бойынша сынға түскен.
Тарқатып айтсақ, Жасұлан Сейілханов қол күресінен, Әліби Қаныбеков дзюдо күресінен, Бақытжан Баданов дойбыдан чемпион атанды. Сондай-ақ Қайыржан Пернеев еркін күрестен, Жасұлан Сейілханов найза лақтырудан, ал Зарина Мықтыбай дойбыдан күміс жүлдеге лайықты екендігін дәлелдеді. Ал Ихтиер Асроров дзюдо күресінен, Шекербек Жауғашев және Мейірман Пернеев дойбыдан, Эрбул Абдуразаков пен Рысай Бақтыбай таеквондодан қола жүлде алды.
Еске сала кетсек, есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы алғашқы спартакиада 2014 жылы Алматы қаласында спорттың 5 түрінен өтсе, II спартакиада 2018 жылы Ақтөбе қаласында спорттың 10 түрінен өткен болатын.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.