• «AMANAT»: ЖАҢА САЯСИ ТҰҒЫРНАМА ҚОҒАМ ТАЛАБЫНА САЙ

«AMANAT» партиясын трансформациялаудан соң, саяси ұйымның жаңа құжатын әзірлеу жұмыстары басталған болатын. Осыған орай, бүгін түркістандық партияластар Саяси тұғырнаманың жобасын талқылау, ұсыныстарды тыңдау және партияның кезектен тыс XXIV Съезіне қатысатын делегаттар сайлау мақсатында жиын өткізді. Басты ерекшелік – облыстағы қарапайым еңбек адамдарының көзқарастарына құлақ түрілді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс XLVI конференциясына Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, «AMANAT» партиясының аймақтық және аумақтық филиалдарының Атқарушы хатшылары, Саяси кеңестердің бюро мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, БПҰ төрағалары, партия ардагерлері мен мүшелері, «Jastar Ruhy» ЖҚ белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиында модераторлық еткен әрі алғаш болып сөз алған партияның Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев Саяси тұғырнаманың маңыздылығына тоқталды.

— «AMANAT» партиясы өзінің жаңа саяси тұғырнамасында саяси бағдары мен замануи бағытын айқындады. Партияның басты мақсаты — әрбір азаматының құқығы қорғалған, адал еңбегімен, білім-білігімен көздеген асыл мұратына қол жеткізе алатын демократиялық, әділетті әрі бақуатты мемлекет құру. Өздеріңіз білетіндей ел Президенті Қ.К.Тоқаев соңғы Жолдауында «Еңбек адамы – қоғамдағы ең сыйлы адам болуы керек деген болатын». Осыған сәйкес, партия тұғырнамасында әрбір азаматтың еңбек құқықтарының қорғалуы қамтамасыз етілмек. Оған қоса, қоғамдағы жалақының аздығы мәселесімен күресіп, жұмыссыздықтың нақты статистикасын жүргізіп, онымен толықтай күресудің жолдары үйлестірілген,-деді.

Партияның жаңа саяси тұғырнамасының мәнін айшықтау үшін бірнеше азамат мінберге шығып өз пікірлерін ортаға салды. Түркістан облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов саяси құжаттың жобасында ауылдың экономикасын көтеруге басымдық берілген деп санайды.

— «AMANAT» партиясы әрқашан әлеуметтік әділдік жағында. Жүзеге асырылып жатқан реформалар аясында «әлеуметтік ұстанымдағы мемлекет» құру бағыты таңдалды. Тұғырнамада «Ауыл – Алаштың алтын бесігі болса, ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының күретамырының бірі» деп бұл саланың маңыздылығына тоқталып отыр. Сол себепті ауылдың экономикасын көтеру, ауылшаруашылығын дамыту біз бен сіз секілді қарапайым партия мүшелерінің міндеті, — деді ол.

Жиын барысында жарыссөзге шыққан Жетісай ауданының іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Набаткүл Байтанаева әйелдердің «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы рөлі жайында пікірін білдірді. «Медина» ҚБ төрайымы Сәуле Дәулеталина өз қаржысы есебінен Түркістан қаласында білім нысандарын салып, ұстаздарды жұмыспен қамтыған белсенді партия мүшесі. Ол тұғырнаманың бірінші тармағы білім, халық саулығы мен еңбек етуге арналуы қоғам үшін ыңғайлы әлеуметтік орта қалыптастыруға септігін тигізеді деген сенімде.

Конференцияда «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезіне Түркістан облысынан қатысатын 65 делегат сайланып, бірауыздан қолдау тапты. Мәжілісте қаралған мәселелер мен айтылған ұсыныстар бойынша қаулы қабылданды.

Жиын соңында облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев бір топ партия белсенділерін Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың және партия Төрағасы Е.Қошановтың Алғыс хатымен марапаттады. Фракция жетекшісі Б.Тәжібаев облыстық мәслихат депутаттарына жаңа үлгідегі партиялық билеттерді табыстады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

#AMANAT

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.