КЛУБ ОТЫРЫСЫНДА КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБУДА

Қазығұрт ауданында халық пен биліктің арасындағы диалогты нығайтуға арналған «Парасат» пікірталас клубы жұмыс істеуде. Клубтың мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, елдің мұң-мұқтажын, мәселесін жедел шешу.

Пікірталас клубы Қазығұрт ауданында ағымдағы жылдың 18 ақпан күні құрылды. Бұл жұмысты үйлестіруге аудан, ауыл әкімдіктері жұмылдырылған. Қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша қызу пікір алмасу ешкімді бей-жай қалдырмайды және клуб отырысының әрбір қатысушысының пікірі тыңдалып, назарға алынуда.

Клуб құрамына белсенділер, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, БАҚ және түрлі этностардың өкілдері, депутаттар мен жастар енгізілген. Клуб отырыстарында көтерілген мәселелер ретімен шешіліп жатыр. Мысалы, клубтың маусым айында Сарапхана ауылында өткен көшпелі отырысында ауыл ақсақалдары М.Көмекбаев Қарабау ауыл округі, Сынтас, Жұмысшы, Қарабау елді мекендеріндегі 732 отбасы шаруашылықпен айналысу үшін Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге пай үлестерін осы күнге дейін ала алмай отырғанын айтты. Жер үлестері «Қарабау» тәжірибелік өндірістік шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдалануында беріліп кеткеніндігіне шағымданған тұрғындар осыған байланысты жер телімдерін бастапқы қалпына келтіру, жер телімдерін қайтарып беруді ұсынды.

Нәтижесінде Қарабау ауыл округіне қарасты Сынтас, Қарабау, Жұмысшы елді мекендері тұрғындарының өтінішіне сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Ұлттық аграрлық білім беру орталығы» АҚ-ның «Қарабау ЭТШ» ЖШС-не қарасты жерді халыққа қайтару мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылданды. Аталған мәселе бойынша Қазығұрт ауданына ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Б.Бекбауов пен «Ұлттық аграрлық білім беру орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Д.Балпанов арнайы келіп, үш ауылдың тұрғындарымен кездесті. Кездесудің қорытындысымен, мекемеге қарасты жерді үш ауылдың тұрғындарына теңдей бөліп беру үшін, ауданның арнайы жер қорына қайтарылатын болып шешілді.
Сондай-ақ клубтың алдағы жиындарында «Халыққа қызмет көрсету мәселелері мен мәдениеті туралы», «Жер мәселесі», «Жаңа Қазақстанды құрудағы- Отбасының маңызы» туралы тақырыптағы өзекті мәселелер қозғалады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.