• САТИРА САҢЛАҒЫНА АРНАЛҒАН КӨРМЕ ӨТТІ

Арыс қаласының Құрметті азаматы, әр әзілі ой салатын, қазақ сатирасының сардары Садықбек Адамбековтың туғанына биыл 100 жыл. Айтулы датаға орай «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының қолдауымен ақын, драматург, сатириктің мерейтойына, өмірі мен шығармашылығына арналған ашық аспан астында көрме ұйымдастырылды.
Сайыпқыран сықақшының құрметіне арналған мерекелік шараға қаламыздың құрметті азаматтары, сатириктің туыстары, ұстаздар қауымы, қалалық ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасының мүшелері қатысты. Бұдан бөлек, сатира сардарының көзін көрген ел ағалары жазушының басынан өткен қызықты оқиғаларын келген қонақтармен бөлісті. Арыс қалалық орталық кітапхана мамандары сатира сардары туралы кітап көрмесін ұйымдастырды.

Әзілдің майталманы саналатын Садықбек Адамбеков 1922 жылы 15 қарашада ОҚО Арыс ауданы, Қараспан ауылында дүниеге келген. 1945-1968 жылдары жазушы қаламын «Оңтүстік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газетінде және қазіргі «Жұлдыз» «Ара-Шмель» журналында қызмет атқара жүріп ұштайды. Қазақ сатирасы саласында өзіндік орны бөлек сықақшының «Қожанасыр қақпасы», «Көсенің көзі», «Аюбайдың ажалы» сияқты жинақтары бар. Әдебиетімізге тұңғыш рет «Атылған қыз» атты роман-сатира әкелді. Жекелеген шығармалары шет тілдеріне аударылған. 1982 жылы шығармаларының екі томдығы жарық көрді.

Аталмыш шара аясында келген көрермендерге сатира шеберінің «Алтын табақтағы жылан» және «Аюбайдың ажалы» сатиралық қойылымы мен «Желтоқсандағы қара түн» қойылымдары ұсынылды. Көрме барысында сөз сөйлеген қаламгердің туыстары келген көрермендерге естеліктерімен бөлісті.
Осылайша келген қонақтар ақын, драматург, жазушы, сатириктің ғұмырымен танысып, өмір жолынан мол ғибратты ойларды түйіндеп шықты.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.