Созақта «Айбынды жастар – Жаңа Қазақстанның тірегі» патриоттық акциясы өтті

Созақ ауданының Шолаққорған кентінде орналасқан «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Айбынды жастар – Жаңа Қазақстанның тірегі» атты ерлік сабағы мен Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге аттанғалы тұрған шақырылушыларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.

 

Жиын барысында Созақ ауданының басшысы Мұхит Тұрысбеков, аудандық Қарулы күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігінің өкілі запастағы подполковник Есжан Тұрғанбаев және Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев сөз алып, ыстық ықыластары мен жүрекжарды тілектерін білдірді.

— Бүгін өмірлеріңіздегі ең  маңызды күн. Өйткені, бүгін сіздер әскери борыштарыңызды өтеу үшін басқа аймаққа аттанасыздар. Көпшілігіңіз бірінші рет жақындарыңыздан алысқа кетіп барасыздар. Сол себепті, бұл тек сіздерге емес, туысқандарыңыз үшін де сынақ. Сондықтан, сіздер өздеріңізге берілген жауапкершілікті абыроймен атқарып, «Отан қорғаушы» атына лайықты қызмет етулеріңізкерек, — деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев.

Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков, өз сөзінде бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның армиясы біздің ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасы екенін ерекше атап өтті және жиналған жастарға үлгі ретінде өзінің әскерде болған мезгілді жылы сөздерімен еске алды.

— Әскерге бару да, шығарып салу да үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап келіп, көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына аманат еткен қазақтың кең-байтақ жері бар. Бұл жерді қорғау еліміздің әрбір азаматының киелі парызы.Бүгінгі жастарымыз Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарады деген үміттеміз, — деді Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков.

Салтанатты жиын соңында Қарулы күштерінің әскери бөлімдерінің бірінде қызмет ететін шақырылушылары мен қонақтар үшін «Мыңжылқы» мәдениет сарайының өнерпаз қыз-жігіттері әннен шашу шашса, ауданның үлгілі «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары өзерінің алғашқы әскери дайындық сабақтарында үйренген өнерлерін паш етті.

Айта кетсек, Созақ ауданы азаматтарды мерзімді әскерге шақыру жұмыстарын жыл сайын берілген тапсырыстан артығымен орындайтын ерекше патриоттар мекені болып табылады. Осы күзгі әскерге шақыру науқының өзінде ауданнан 20 жуық бозбала ҰҚК Шекара қызметіне аттанып кетті, алдағы уақытта тағы 100-ге жуығы Қарулы күштер мен Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің қатарын толықтырады. Ал Созақ ауданының Назір Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицейінің «Жас сарбаз» сыныбы 2021 жылы өткен «Айбын» республикалық жастар жиынында 57 команданың ішінде үздік 9-қа еніп Түркістан облысының намысын жоғарғы деңгейде қорғай білді.

 

 

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.