ТҮРКІСТАН: АГЕНТТІКТІҢ ПРЕВЕНЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ САЯН АХМЕТЖАНОВ ОБЛЫС АКТИВІМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Түркістан облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысына қатысты.

Отырысқа комиссия мүшелері, құқық қорғау, мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган басшылары, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы қала/аудан әкімдері қатысты.

Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Дархан Сатыбалды күн тәртібінде қаралатын мәселелерге кеңінен тоқталып, сыбайлас жемқорлықтың алдын -алу шараларын нығайту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екендігін айрықша атап өтті.

Алғашқы сөз кезегін алған Саян Ахметжанов Агенттік әр аймақта белең алған жемқорлық фактілерінің негізінде Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер Картасын әзірлегенін жеткізіп, Түркістан облысының тәуекелдер картасына өңірде жемқорлық жиі ұшырасатын салалар мен шешімін таппай келген түйткілді мәселелердің енгізілгенін баяндады.

Сондай-ақ, қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін Түркістан облысы бойынша отставкасы қаралу сатысында тұрған бірқатар лауазымды тұлғаларды атап өтіп, облыс әкіміне аталған тұлғалардың жауапкершілігін заң шеңберінде қарауды және тәртіптік жауапкершілікке тарту жазасымен шектелмей, басшыларды құқықбұзушылық деңгейіне қарай тиісті жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Жүргізу тәртібімен келесі кезекте Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Қ.Қожахметов сөз алып, халықтың проблемалық мәселелерін шешуге бағытталған аталмыш Карта аясында аумақтық департаментпен атқарылған жұмыстарды баяндап, жиынға қатысушылар назарына карта бойынша арнайы әзірленген бейнероликті ұсынды.

Жиын соңын қортындылаған өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы аудан/қала әкімдеріне сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына жол берген әрбір тұлғаның жауапкершілігі ескерусіз қалмайтынын қатаң ескертіп, күн тәртібінде қаралған салалар мен мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.