ТҮРКІСТАНДА АСАНБАЙ АСҚАРОВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «ЕЛІМ ДЕГЕН ЕР АСАНБАЙ» ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» орталығында Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы аясында «Елім деген ер Асанбай» танымдық конференциясы өтті. Басқосуға Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысынан Асанбай Асқаровпен қызметтес болған түрлі саланың ардагерлері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, туыстары, өңірдің азаматтары мен белсенді жастар қатысты. Алдымен қонақтар ұлы тұлғаның 100 жылдығына арналған «Ұлы тұран перзенті» атты көрмені тамашалады.
Ел руханияты үшін маңызды жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов жүргізіп отырды. Конференцияны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ашып берді.
– Барлықтарыңызды елдің өткені мен ертеңін байланыстырып, тарихқа бойлайтын жиынның ашылуымен құттықтаймын. Біз бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихи тұлға Асанбай Асқаровтың өнегесі мен өміріне арналған танымдық конференцияда бас қосып отырмыз. Бүгінгі жиында елдік, ұлттық мүддені алға қойған Асанбай ағамыздың еңбектерін ел арасына кеңінен насихаттау бағытында ұтымды ұсыныстар, пікірлер айтылады деп сенемін, – деді Сәкен Амангелдіұлы.
Содан соң белігілі жазушы, аудармашы бірнеше танымдық кітаптың авторы Мұхтар Қазыбек «Асанбай Асқаров – ұлтымыз ұлықтайтын тұлға» тақырыбында баяндама жасап, тұлғаның өмірі мен еңбек жолы туралы тың деректер мен ерекше қырларын ашып, естеліктер айтты.
– 1978 жылы сәуір айында А.Асқаров Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ауысты, бұл қызметте 1985 жылғы маусым айына дейін істеді. Асанбай Асқаровтың Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған жылдары да өте жемісті болды, өңірді қайта түрлендірді, жаңғыртты, бұрын-соңды ешкім қолға ала алмаған жобаларды іске асырды. Шымкенттің шырайын келтірді, қаладағы ірі өндіріс орындарын жаңғыртып, қазақ жастарының, қазақ кадрларының өсуіне барынша мүмкіндік жасады. Дендросаябақ, зоопарк, атшабар, балалар темір жолын салдырып, демалыс аймағын ерекше дамытты, – деді ол өз баяндамасында.
Әрі қарай конференция жарыссөзге ұласты. Мұнда бірнеше ауданға басшы болған, еңбек ардагері, ел игілігі жолында аянбай тер төккен Исмат Тұрсынқұлов, сол кезде Созақ ауданына басшы болып, өңірдің өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагері Досыбай Шерімқұлов, Жамбыл облысынан келген жазушы драматург, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» Әлімжан Елен мен өзге де азаматтар тұлға туралы ойларын айтты. Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев та конференция төрінен табылды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың тұлғасын ашу, еңбегін насихаттау барысындағы пікірлер, ұсыныстар ескеріліп, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.