ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫН ГАЗДАНДЫРУ БОЙЫНША 70 НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысын газдандыру бағытындағы жұмыс жүйелі әрі сапалы атқарылуы тиіс. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте Созақ, Сауран, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Кентау және Түркістан қалаларын газбен қамту жұмыстары мен өзекті мәселелері талқыланды. Өңір басшысы аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырып, бірқатар жауапты тұлғаға ауызша ескерту берді.
– Аудандар мен қалаларды аралау барысында тұрғындар коммуналдық-шаруашылық, әсіресе, газ мәселесін көтереді. Тұрғындарды газбен қамту – біздің міндетіміз. Жұмысын дұрыс атқармаған мердігерлермен заң аясында сөйлесіңіздер. Газбен қамту бойынша аудандар Жол карталарын ұсынсын. Осы бір жоспар негізінде жүйелі жұмыс атқарайық. Екіншіден, аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар арасында байланыс болуы керек. Хабарласып, ел мүддесіне қатысты әрбір мәселені жедел шешуді қолға алған жөн. Газды күтіп отырған ауылдар бар. Кезең-кезеңімен бюджетке енгізіп, тиісті жұмыстарды атқару қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариеваның айтуынша, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 831 елді мекеннің 457-сі табиғи газбен қамтылған. Елді мекендегі халық санымен есептесе, 1 млн. 529 мың тұрғын немесе тұрғындардың 73,7 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізген.
2022 жылы 70 нысанның құрылысына 15,9 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 9 нысанның (10 елді мекен, 1 АГТС, 32198 тұрғын) құрылысы 2022 жылы аяқталады. Қалған 61 нысан 2023 жылға өтпелі.
Биылғы жыл қорытындысымен, 467 елді мекен (56,2%) немесе 1 млн. 561 мың халық (75,2%) табиғи газды қосуға мүмкіндік алады.
Алдағы 3 жылда қосымша 255 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) немесе 2 млн. халыққа жеткізілмек.
Биыл басқарманың мамандары аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, құрылысы жүргізіліп жатқан нысанның 70-іне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, оннан астамынан кемшіліктер анықталған. Тиісті ұсыныстар беріліп, кемшіліктерді жою жұмыстары қолға алынған.
Жиында Созақ, Сауран, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Кентау және Түркістан қалалары басшыларының газға қатысты ұсыныстары мен есептері тыңдалып, облыс әкімі тарапынан тиісті тапсырмалар берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.