Кәрібай Мұсырман, Мәжіліс депутаты: … оны оңынан шешу қажет
Бүгінгі таңда еліміздегі кәсіпорындар мен мекемелерде, жергілікті және орталық мемлекеттік органдарда сәбилері мектепке дейінгі мемлекеттік ұйымдарға баратын жүздеген мың ата-ана еңбек етіп жүр. Олар үшін қазір өз бүлдіршіндерін балабақшадан уақытында алып кету мәселесі елеулі проблемаға айналып отыр. Таңғы сағат 7.30-дан кешкі 18.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ата-аналардың көпшілігінің жұмыс уакыты да 18.00-ге дейін болғандықтан, олар балабақшаға белгіленген мерзімде барып үлгере алмай, қиындық көріп жүр. Тәрбиешілерге бекітілген жұмыс уақытынан тыс қызмет көрсеткені үшін қосымша ақы төлеу қарастырылмағандықтан, олар балаларын уақытында алып кетпеген ата-аналармен ренжіседі. Кейбір ата-аналар балабақшаға тезірек жету үшін асығып, көшелерінде түрлі апаттық жағдай туғызып жүр. Жуырда Астанада балабақшалардан шығып, ата-аналарын күтіп тұрған сәбилерді бөтен, сенімсіз кісілердің тәрбиешілерді алдап, сұрап алып кетуге әрекеттенген фактілер орын алғандығы да алаңдайтпай қоймайды.
Тәрбиешілерінің кешкі сағат 18.00-ден кейін ата-аналардың балаларын алып кеткенше жұмыс істеген уақытына қосымша еңбекақы төленбей отырғандығы қолданыстағы еңбек заңнамасын бұзушылық болып табылады. Осы айтылған жағдайларды ескере отырып, өзекті мәселені жан-жақты қарастырып, оны оңынан шешу қажет.
Sрutnik Қазақстан