Шымкент: Құрбысының қомақты қаржысын ұрлап кетті
Оқиға 2022 жылдың 26-қаңтарында, сағат 20:30 шамасында орын алған.
Қаржыдан қысылған әйел құрбысының қалтасына қол салып, қылмыс жасады.
Қаратау АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті жердің 40 жастағы тұрғыны арызданған. Ол өз арызында, кешкі уақытта жұмыстан үйіне келген кезінде, дәліздегі шкафта ілініп тұрған қара түсті күртешесінің қалтасынан 400 000 (төрт жүз мың) теңге ақшалай қаражатының ұрланғанын жазған. Және сол күні пәтеріне өзінің құрбысы ғана қонаққа келгенін көрсеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің ізін суытпай, бір тәулік ішінде қала аумағынан қолға түсірді. Ұсталған азаматша өз кінәсін толықтай мойындап, бұл заңсыз әрекетке баруына қаржы тапшылығы ғана емес, екеуара бас араздығы себеп болғандығын жеткізді. Әйел адамның жасы – 40-та, уақытша жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Қазіргі кезде келтірілген шығын толығымен өтелді. Тергеу әрекеттері жалғасуда.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі