Шымкент: Жұмысқа орналасамын деп, ақшасынан айырылды
Жұмыс іздеп, табыс табуды көздеген азамат алданып, алаяқтық жайтына тап болды. Оқиға Шымкентте орын алған.
2023 жылдың 26-қаңтарында Қаратау АПБ-ның «102» арнасына Шымкент қаласының тұрғыны арызданған. Ол өз арызында, екі жылдан бергі танысы «Қызылорда қаласындағы мекемелердің біріне автокөлік жүргізушісі етіп жұмысқа тұрғызып беремін» деп сеніміне кіріп, алдын ала 300 000 (үш жүз мың) теңге ақшалай қаражатын алып, бір ай бойы алдап келгенін көрсеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-тің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жергілікті жердің тұрғынын анықтап, тиісті басқармаға жеткізді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адамның жасы – 39-да. Жоғары білімді, жұмыссыз.
Қазіргі кезде ұсталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі