Робин ШАРМА: «Өмірдің 200 сабағы»
(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
- Мейірімді, қамқор және сыпайы болыңыз. Сонымен қатар, қай кезде қатал, қай кезде батыл болу керектігін біліңіз. Сонда сіз өзгелердің құрметіне ие боласыз. Достық қарым-қатынасты қалай қалыптастыруға болатыны туралы кітаптарды оқыған да пайдалы. Жақсы тыңдарман болыңыз, адамдарға құрмет көрсетіп, қарым-қатынас жасаудың басқа да машықтарын шыңдаңыз. Адам психологиясының нағыз сарапшысы болыңыз және адамның болмысын тануды үйреніңіз. Өзіңізді пайдалануға жол бермеңіз және айналаңызда болып жатқан нәрселерді ой елегінен өткізіп отырыңыз. Ұсақ өсек-аяңға былғанбаңыз, бірақ артыңыздан айтылып жатқан әңгімелерге де құлақ түре жүріңіз. Әрбір үлкен көшбасшы осылай жасайды.
- Өзіңіздің аса жауапты, күшті, тәртіпке бағынатын, сабырлы және адал адам ретіндегі тұлғалық беделіңізді қалыптастырыңыз. Өз айналаңызда құпиялылық сезім тудырыңыз, себебі нағыз ақылды адам ешқашан бар сырын жайып салмайды. Ешкімге өзіңіз туралы, өз жұмыс тәсілдеріңіз бен мақсаттарыңыз жайлы бәрін айтып беруші болмаңыз. Бұл әлемнің табысқа жеткен адамдары бірдеңе айтпас бұрын үш рет ойланады, себебі ауыздан шыққан сөзді қайтып ұстай алмайсың. Немен айналыссаңыз да, бәрін ұшып жүріп, жеңіл жасаңыз, сонда адамдар сізді тумысынан дарынды деп сеептейтін болады. Тек жақсы нәрселерді айтыңыз, сонда адамдар сіздің жаныңызда болуға ұмылатын болады. Ешқашан басқалар туралы жаман сөз айтпаңыз, сонда олар сіздің өздерін сыртынан жамандамайтыныңызды білетін болады. Өз мінезіңізді жетілдіріңіз және өмірде биік қағидаларды ұстаныңыз.
- Жұлдыздар әрдайым жерден биік тұрады. Ең жақын адамдарыңыздан басқасымен арақашықтықты сақтаңыз. Егер адамдар өз көшбасшысын тым жақын танып, ол туралы бәрін білсе, көшбасшының сұсы да, беделі де жоғалады. Мысалы, Рональд Рейган кезінде керемет көшбасшы ретінде белгілі болған. Ол өзін АҚШ-тың мүддесін бәрінен жоғары қоятын қарапайым, қамқор саясаткер ретінде көрсете білді. Көшбасшылардың халықаралық кездесулерінде ол өзінің қара түсті костюмдерімен және саяси кеңесшілері, күзет офицерлері және ұзын-сонар созылған лимузиндер көшімен елдің назарын өзіне аударып, көптің қошаметіне бөленді. Ол жүрген жерде әрдайым билік пен күштің қуаты айқын сезіліп тұратын. Сіз оның хауыздың жанында жалаңаш тұрғанын немесе ұйықтап тұрған соң, үй киімімен, қырынбаған және шашы таралмаған күйінде жүргенін бір рет болсын көріп пе едіңіз? Рейганның қызметкерлері ешқашан бұған жол бермейтін, себебі бұл биліктің беделін түсіруі мүмкін еді. Ал Клинтонның дәуірінде бәрі өзгерді, халық енді Президенттің гамбургер жеп, іскерлік киіммен бейсбол кепкісін киіп жүргенін көретін болды. Бұл халыққа ұнайды, сондықтан Клинтон бізге жақындау және біздің біріміз ғана болып қалды.