Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің жартысына жуығы мемлекеттік сатып алуларда заңды жолмен жеңіске жету мүмкін емес деп санайды

Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бизнесті қорғау және заңсыз араласуға жедел ден қою мақсатында арнайы Мобильді топ құрды.

Мобильді топ мүшелері бизнес өкілдерімен тұрақты негізде кездесулер өткізеді, 370 бизнес субъектісінің қатысуымен 14 кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шаралар негізінен кәсіпкерлер палатасының, аудан әкімдіктерінің алаңдарында, базарларда, сондай-ақ қаланың сауда орталықтарында өткізілді.

Қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелер бар. Білім беру, жер, салық, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау салаларындағы кейстер шешіімін тауып, онда 550-ден астам шағын және орта бизнес өкілдерінің құқықтары қорғалды.

Сондай-ақ, кәсіпкерлерге барынша кедергі келтіретін салаларды анықтау мақсатында қалалық Антикор тарапынан өңір кәсіпкерлері арасында анонимді сауалнама жүргізіп, 300-ге жуық бизнесмендер қатысты. Оның 70,5%-ы шағын, 25%-ы орта, 4,5%-ы ірі бизнес өкілдері болып табылады.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, бизнес үшін ең көп кедергілер жер қатынастары мен ауыл шаруашылығы, салық, құрылыс және сәулет салаларында туындайды.

Сауалнамаға қатысушылардың 50%-ы мемлекеттік сатып алуда жеңіске заңды түрде жетуге болады деп есептесе, 41%-ы сыбайлас жемқорлық арқылы ғана жеңуге болатынын, ал қалғандары аз көлемді мемлекеттік сатып алуларда ғана жеңуге болатынын хабарлаған.

Сонымен қатар, кәсіпкерлердің 75%-ы белгілі бір қызметпен айналысуға рұқсатты заңды түрде алуға болады деп көрсеткен.

Айта кетейік, қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы күн сайын сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін Шымкент қаласы, Қазыбек би-3 көшесі, Antikor Ortalygy ғимараты (Тұрысов көшесі жағынан) мекенжайы бойынша кәсіпкерлерді қабылдайды.

Парасатты бизнестің құқықтарын қорғау біздің жұмысымыздың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.