ТҮРКІСТАН: АРЫСТЫҚТАРДЫҢ АРЫЗДАРЫ МЕН ҰСЫНЫСТАРЫ ТЫҢДАЛДЫ

Арыс қаласының тұрғындарына Түркістан облысындағы құқық қорғау органдары мен департамент басшылары арнайы барып, өтініштерін тыңдады. Халық тарапынан нақты ұсыныстар мен өтініштер айтылып, тиісті жауаптары берілді.
Жалпы, облыс басшылығының Арыс тұрғындарымен былтырғы кездесуі нәтижесінде бірқатар мәселе шешімін тапқан. Бұл туралы арыстықтармен кезекті кездесуінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Ол әрбір өтініш пен ұсыныстар назарға алынатынын атап өтті.
– Жергілікті биліктің ең басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Былтыр Жосалы елді мекенінің тұрғындары Аққала елді мекеніне дейін жолдың нашар болуына байланысты қыс мезгілінде жолда жүру қиындықтар туындайтынын айтқан болатын. Бюджеттен қаржы қарастырылып, 5,3 шақырым жолға тас төселді. Тұрғындардың ұсынысы бойынша «Сырдария» мөлтек ауданында саябақтың жөндеу жұмыстарына 76,5 млн. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Ішкі жолдарды жөндеу мәселесі көтеріліп, былтыр 191 млн. теңге бөлініп, Жиделі, Саналы елді мекендерінде 10 көше жөндеуден өтті. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 24 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізу үшін бюджеттен 485 млн. теңге қаралды. Тұрғындар «Наурыз» шағынауданында мектеп салуды сұраған. Осы мәселе бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында 900 орындық жаңа мектеп салынады деп шешім қабылданды. «Тараз» шағынауданынан 600 орындық бір мектеп салынады, – деді Дархан Сатыбалды.
Тұрғындар экологияны жақсарту, теміржолдың әлеуетін пайдалану, жүйелеу, жол салу, қазандықты жаңарту, ауыз су, газ, ауыр жүк көліктерінің жұмысын қадағалау, дамба салу және өзге де мәселелерді көтерді. Бірыңғай қабылдауда да түйткілдер тарқатылды. Өңір басшысы тұрғындар өтініштері зерделеніп, заң аясында жұмыс жүргізетінін мәлімдеді.
Арыста мәдени және спорт нысандарының жәй-күйіне көңіл бөлінуде. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы 874 млн. теңге қарастырылып, Жиделі ауылында 120 орындық, Ақдала ауылында 240 орындық клуб пен кітапхана құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандардың құрылысы биыл аяқталады. Сондай-ақ Көкжиде елді мекеніндегі мектепті күрделі жөндеу үшін 188 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілген. Былтыр коммуналдық 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғын үй кезегінде тұрған 240 отбасы баспаналы болды.
Қалада негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15,4 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 6,2 млрд. теңгеге артты. Алдағы екі жылда 7,5 млрд. теңгеге 10 инвестициялық жобаны іске асырып, 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында жақсы көрсеткіштер бар. Былтыр 23,5 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2021 жылмен салыстырғанда 3,6 млрд. теңгеге артты. Осы жылдың көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан арыстықтарға төмендетілген бағамен 1,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. «Мүбарак Агро» серіктестігі құны 600 млн. теңге болатын мал бордақылау алаңын ашты. «Алаш Логистик» серіктестігі 5 мың басқа арналған уақ мал бордақылау алаңының құрылысын аяқтады. Балық шаруашылығы қарқынды дамуда. «Дермене Агро Груп» тоғанда 30 мың шабақты өсіруді қолға алды. Әрі қарай, шаруашылықты ұлғайту мақсатында 300 млн. теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 12,7 шақырымды құрайтын су құбырының құрылысы биыл аяқталады. Былтыр «Саяжай-1», «Саяжай-2», «Саяжай-3» мөлтекаудандарының ауыз су жүйесінің құрылысы, «Көктем-1», «Көктем-2» мөлтекаудандарында су мұнарасы мен су сорғы станциясының құрылыс жұмыстары басталды. Биыл «Тараз» шағынауданын кәрізбен жабдықтау желілерінің құрылысына 500 млн. теңге қаржы қарастырылды.
Қала аумағындағы бірнеше шағынаудан табиғи газ жүйесіне қосылған. Қазір Байырқұм, Көкжиде, Жиделі елді мекендерінің кварталішілік газ құбырларының құрылысы жүргізілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.