ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ АҒАШ КӨШЕТТЕРІН ТЕГІН ҮЛЕСТІРУ ЖАЛҒАСУДА

Көктем мегілінде Жер-Ананың босаңсыған сәтін асыға күтетін адамзат баласы айналасына тазалық жұмыстарын жүргізіп, түрлі ағаштардың көшеттерін отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына кіріседі. Осы ретте Түркістан облысы әкімінің бастамасымен облыстағы елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары басталды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген болатын. Жоспарға сәйкес, аудан, қала елді мекендерін көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз ету Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүктелсе, елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау қала, аудан әкімдеріне тапсырылған.
Бүгінгі таңда аталған басқармаға қарасты орман шаруашылығының тұқымбақтарында өсірілген көшеттер межелі жерге жеткізіліп жатыр. Аудан әкімдері мен жауапты мамандар көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Аймақтағы елді мекендерді көгалдандаруға техникалар тартылып, жұмыс күші жұмылдырылған.
Қазіргі таңда Отырар, Келес аудандарында жоспарланған көшет саны толығымен орындалып, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ал Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Мақтаарал, Төлеби, Сайрам, Түркістан, Кентау, Арыс, Бәйдібек, Сауран, Жетісай, Түлкібас аудандарында көгалдандыру жұмыстары енді қарқын ала бастады. Өкінішке қарай, Созақ, Ордабасы аудандарында көгалдандыру жұмыстары әлі күнге дейін қолға алынбай келеді.
Өңірдегі елдімекендерге 250 936 ағаш тиісті орындарға жеткізіліп, отырғызылды. Отырар, Келес аудандарына тағы да қосымша сұраныс арқылы 11 050 түп көшет үлестірілді. Қазіргі таңда жалпы аудан, қалаларға орман шаруашылығы мекемелерінен 376 151 мың дана көшет тегін үлестіріліп, егілді. Жалпы, облыс көлемінде биыл 1 миллионға жуық ағаш отырғызылады деп көзделіп отыр.
Облыс аймағында жолдар мен аяқжолдардан бөлек, халыққа қызмет көрсету орталықтары, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандары, сондай-ақ арық-атыздар, мекеме аумағының тазалығына баса назар аударылды. Бұған қоса, республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық маңызы бар жолдар, мемелекеттік мекемелердің алды және көше бойлары мен саябақтар бойын тазартып, жасыл желекке айналдыру мақсатында түрлі сәндік ағаштардың көшеттері отырғызылды. Әрбір көшетті күтіп-баптау жұмыстары тұрғындарға түсіндірілуде. Алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде өз жалғасын табады.
Айта кетейік, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, 17 аудан, қалаға ағаш егілген алқаптар тұрақты тексеріледі. Енді аудандардағы отырғызылған көшеттердің дұрыс егілуін және күтіп-бапталуын арнайы маман қадағалап, тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.