ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИЛІКТЕР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАПТЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданының тұрғындарымен кездесіп, өтініштері мен мәселелерін тыңдады. Өңір басшысы ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды.
– Біздің міндетіміз – халыққа қолайлы жағдай жасау. Ұсыныстар назарға алынады. Біз бірінші кезекте ауыз су, инфрақұрылым мәселелерін шешуге басымдық береміз. Төлеби ауданында да осы салаларды жақсарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Былтырғы кездесуде сіздер 14 мәселені көтерген едіңіздер, соның 12-сі шешімін тапты. Атап айтсақ, Ленгір қаласын сапалы электр желісімен қамту үшін қосалқы станция құрылысына 2,1 млрд. теңге қаржысы толық қаралып, құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Ленгір қаласының Бірінші мөлтек ауданындағы 35 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлінді. Ленгір қаласындағы Оқушылар үйіне қосымша оқу корпусын салу бойынша 2023 жылы 590 млн. теңге бөлінді. Жалпы, облыста Төлеби ауданының инфрақұрылымы анағұрлым жақсы. Табиғаты әдемі, ауасы таза аймақта туризмді дамытуға толық мүмкіндік бар. Осы бағытта жұмыс күшейтілуі тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде және бірыңғай қоғамдық қабылдауда тұрғындар облыс басшысына маңызды мәселелерді көтерді. Олар: үй салуға жер телімін беру, ауыз су, жол, кәсіпкерлікке қолдау және өзге де ұсыныстар. Әрбір арыз-шағым, өтініш назарға алынып, тиісті жұмыс жүреді.
Тұрғындардың өтініштері бойынша жүзеге асқан жобаларды жалғастырсақ, Аққұм, Киелітас ауылдық окургтерінде мәдениет үйлерін салу үшін екі жылда 441 млн. теңге бөлініп, жұмыстар қолға алынды. Қасқасу елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында бюджет есебінен 723 млн. теңге қарастырылған, биыл тапсырылмақ. Тағайна елді мекенінің көшелеріне электр желілерін жүргізу жұмыстарына 198 млн. теңге бөлінсе, Зертас, Тағайна елді мекендерінде орналасқан мектептердің қосымша корпус ғимаратын салу үшін қаржысы толық қарастырылған. Бірінші мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау үшін бюджет есебінен 531 млн. теңге қаржы бөлінді. Биыл тапсырылады.
Былтыр ауданда өнеркәсіп өнім көлемі 41,5 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 23 млрд. теңгеге жетіп, 6,3 млрд. теңгеге артқан.
Биыл 8 млрд. теңгеге 15 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде Зертас ауыл округінде «Аймар Құс» серіктестігі құс фабрикасының құрылысы басталады. Жоба құны – 4 млрд. теңге, 24 жаңа жұмыс орны ашылады. Көксәйек ауыл округінде «ADS Agro» серіктестігі мал бордақылау алаңын салу жоспарлауда. Жоба құны – 600 млн. теңге. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 61,7 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Төлеби ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасын пилоттық режимде Киелітас, Көксәйек ауыл округтерінде іске асыру жоспарлануда.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы Ұйымшыл елді мекенінде 1 мектепке қосымша құрылыс және Мәдени, Қаратөбе елді мекендерінде 2 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 779 млн. теңге қаралды. Ленгір қаласында 200 орындық мектепті салу үшін жалпы қаржы бөлініп отыр. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында ауданда 4 мектеп салынады.
Аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 5 елді мекендегі (Керегетас, Бейнеткеш, Жаңажол, Нысанбек, Зертас) су құбырының желілерін салу үшін 1,6 млрд. теңге бөлінген, жұмыстар биыл аяқталады. Алшалы, Ұзынарық елді мекендерінде су құбырының желілерін салу жұмыстарын бастау үшін 703 млн. теңге бөлініп, жұмыс жүріп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.