М.ӘЙТЕНОВ: ШЫМКЕНТТЕ ӨНДІРІСТІК АЛАҢДАР САНЫ АРТАДЫ

Бүгінде қалада жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 337 инвестициялық жоба іске асырылуда.  Бұл туралы бүгін Астана қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.

Бүгінге қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумағын құру жұмыстары жүргізілуде.  Бұл аумақтарда 400 млрд.теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орындары құрылатын болады.

Жаңадан құрылатын аумақтардың 2-уі қолданыстағы өндірістік алаңдарды кеңейту болса, қалғаны жаңадан құрылатын алаңдар. 306 гектар «Жұлдыз» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып,  50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асады. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын 42 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде  21 жобаға  23 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылатын болады.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.