Дана бабаларымыздың «Қазақ – итін ұры десе намыстанған халық» дегенін жадымызда жаттап өссек те, оңтүстіктің абыройын түсірген сорақылықты республикада Сіздің өзіңізбен есікпе-есік отырған орынбасарыңыздың жасағаны амалсыз қолға қалам алдырды.
Қасиетті Қазығұрттың қойнауында екеуміз де дүниеге келіп, араласып жатқан құдандалы жекжаттығымыз ғана емес, ауданның ардақтылары елден өскен жігіттерді мақтаныш ететінін білгендіктен, Сіздің қызметтік баспалдақтарыңыздың өскеніне тілекші көңілдің үлкен үмітімен қарайтын едім.
Құдырет иесінің берген бақ-дәулетінің арқасында Қазығұрт пен Сарыағаш аудандарының, қазір Кентау қаласының әкімі қызметтеріне қолыңыз жетті. Сіздің ауданда комсомолдың жетекшісі болсаңыз да жарқ етіп, жалынды жастығыңызбен көріне алмағаныңыз барша жерлестерімізге аян.
Кейін Қазығұрт ауданының әкімі болып келгеніңізде, енді ашылып жұмыс істейтін уақыты келді, елге жанашырлығын енді көрсететін шығар деп те күттік. Сіздің бастамашылдығыңызбен ат үстінен түспей жүріп жасаған жанқиярлық тірлігіңіз түгілі, ел-жұртыңызға шынайы жанашырлықты көрсеткен үніңізді естуге жұртшылықтың зар болғанын білесіз бе? Ауданның тізгінін ұстаған өзіміздің жерлестеріміз Ә.Бектаев пен Т.Әлиевтердің жасаған игі тірліктерінің оннан бірін жасадым деп айта аласыз ба?
Қазығұрт ауданының бірінші басшысы қызметінде болғаныңыздың өзі сол жерлестеріңіздің еміс-еміс қана есінде қалғанын ашық айтсақ, артық бола қоймас. Өйткені, ол-өмір шындығы. Күрмеуі қиын кезеңнің қиындығын жеңуге Сіз бар қажыр-қайратыңызды аянбай жұмсап, ел перзентіне тән жанқиярлықпен жұмыс істей алмайтыныңызға көздері жеткен болу керек, облыстың сол кездегі басшысы Қазығұрттан кейін аудан тізгінін ұстата қоймады.
Ерен іскерлік қабілетіңіз болса, қоғам тынысының талабына сай кәсіпкерлікке кетіп, туған жерімізді түрлендіруге өзіндік үлес қоспадыңыз ба? Бірақ, ол қайдан болсын?! Нарық «жарға біткен жантақты жанынан безген нар жейді» болып тұрғанда, мансаптың жанға жайлы «креслосын» ұмыту жалғыз Сізге емес, кімге де болса оңай болмасы хақ.
Жаратушымыздың нәсіп еткен бақ-дәулеті бар, сөз сөйлеп қолдауға жарайтындар да табылады дегендей, «тақтан түскенмен, аттан түспей» біраз басшылық лауазымды қызметтерді де сүйреп көрдіңіз. «Шіркін, Мақұлбаевтың бастамашылдығымен қолға алынған іс еді. Мақұлбаевтың табанды талап етуімен атқарылған тірлік еді. Әбекеңнің бетіңнен от шығарардай етіп айтқан әңгімесі еді» дегенді есіткен адам бар ма, бұл өңірде? Әйтеуір, қалқиып қатарда келе жатқаныңызды ел-жұрттың білетіндігі анық.
Орыстың «Тыныш жүрсең, ұзаққа барасың» дегені Сіздің бұлжымас ұстанымыңыз екенін жерлестеріңіз сезбейді деп ойлайсыз ба? Жоқ. Ұлы Абайдың «Биік мансап – биік жартас. Қалқып ұшып қыран да шығады, жылжи-жылжи жылдан да шығадысын» исі қазақ біледі. Біз кездері Сіздің де «ғайыптан майып боп» Сарыағаш ауданының әкімі «креслосына да» қонжиюға қолыңыз жетті.
Сол кездегі облыстың әкімі оңтүстікке «коммунизм» орнатудың даңғаза дақпыртының елесін қуумен жүріп, Сіздің іскерлік қабілетіңіздің қаншалықты екенін сезбей де қалған сияқты. Сіз өзіңіздің «заманың түлкі болса, тазы боп шал» ұстанымыңызға сай, әрі бойыңыздағы «жер қозғалса қозғалмайтын енжарлығыңызға» салып, көкорай шалғын жер жәннатының кәусар ауасын сіміре жұтудың рахатына бөленгенде, мына жақтағы ауданның 300 000 халқының барымен де, жоғымен де, ашы менен тоғымен де ісіңіз болмағанын ащы да болса ашып айтсақ, артық бола қоймас. Түрлі БАҚ беттерінде аудандағы орын алған келеңсіздіктер жайлы сыни материалдар тоқтаусыз жарияланумен болды. «Әділет» газетінде түлкіге Сіздің бетіңізді қойып жасаған «коллаж» намысыңызға тиіп, жерлестеріңізді жерге қаратқан жоқ па? Ауданға жаңа әкім келсе де, Сарыағаш бәз баяғы күйінде қалды. Бір селт етерлік дыбыс шықса мейлі ғой. Тіпті, ауданда әкімнің бары-жоғы да ешкімді қызықтырмайтын заман келіп, өлі тыныштық орнағандай болды десек қателеспеспіз.
Облыс басшысының Құркелесті жайлаған қойдан жуас 300 000 адамның өмір тынысына алаңдаушылық білдіргені ме, әлде өзінің кадр таңдаудағы қателескенін сезінгені ме, әйтеуір іштей тынып, Сізді Кентауға қарай сырғытуға тура келгені Құдайға да, адамға да аян еді ғой. Сіз сол сенімнің де қадірін біле алмаған сияқтысыз. Басқаны қойдық, көрші Түркістан қаласының әкімі, әріптесіңіз Әліпбек Өсербаевтың ат үстінен түспей іс-қимыл жасайтын, «өзі де ұйықтамайтын, өзгені де ұйықтатпайтын» нағыз нарық заманының әкіміне тән игі істеріне көз қырыңызды да салмадыңыз ғой. Ал Сіз басқаратын Кентаудан сондай серпін байқала ма? Әрине, жоқ.
Ал, оның есесіне Сіз айды аспанға шығарып, республиканың алдында оңтүстіктің абыройының айрандай төгілуіне жеткізіп тындыңыз. Әкімнің орынбасары парамен ұсталып жатқан жерде дені сау тірлік бар дегенге кім сенеді? Әкімдіктің атына кір келтіріп, оны масқаралаудың бұдан өткен сорақылығы бола қоймас, әсте. Тікелей өз қарауында істейтін қырық шақты адамға ие бола алмай, өзін «моя хата с края» етіп ұстап жүрген адамнан не қайыр, не үміт?
Облыста аудан мен қаланың тізгінін ұстайтын ұл туылмай қалғандай, басшылық қызметте өзін көрсете алмаған көлденең көк аттыға ел басқаруды бергендегі жеткен жеріміз осы болғаны ма? Туа бітті адами жаратылысқа қабілет бермегеніне қарамай, «көңқарғаны көке деп, жапалақты жәке деп» лауазымды мансап иесі болудың соңы «шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынадының» керін келтіретінін мына өмірдің өзі көрсетіп жатқан жоқ па?
Орынбасарыңыз парамен ұсталып, Сізді аймандай етіп жатқаны қабырғамызға аяздай батқанына қарамай, «дос жылатып айтадының» керімен осы «Ашық хатты» басылым беттеріне жариялағанды жөн көрдім.
Бұл «Ашық хат» Сізге ғана емес, маған да оңай тиейін деп отырған жоқ. Екеуміз үшін де құрметті де, аса сыйлы, киелі Қазығұрттың саялы бәйтерегіндей барша жерлестеріміздің мақтанышына айналған ақиық арыстарды есіне де алмай осы «Ашық хатты» жазуға қалай қолы барды екен деп таңданбассыз, өйткені Сіз де менің ұстанымымды білесіз.
Біздің сырымыз бір-бірімізге белгілі, менің адамзаттың ұлы ойшылы Сократтың: «Платон менің досым, бірақ шындық одан да қымбат» дегенін ұстанып, одан қайтпайтынымды, есімдері ел құрметінде жүрген жерлес тұғырлы тұлғалардан да ғапу өтінуге баратынымды білесіз.
Заманның заңғар саясаткері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділігімен жасалған мемлекетіміздің керемет саясаты бар, жетерлік қаржы-қазынамыз бар, қазір тек Елбасы белгілеген бағыт-бағдар мен берген тапсырманы баянды етуге жанқиярлықпен, адал қызмет ететін кадр ғана керек. Жетіспей жатқаны сол екендігін еліміздің бес жасар баласына дейін біледі.
Сіздің қызметтік жолыңыздағы «тындырған» тірлігіңіз бүкіл өңір жұртшылығына белгілі ғой, сөйте тұра Сіз өзіңізді президенттік партияның «командасында» бола беремін деп ойлайсыз ба? Судың да сұрауы барын ұмытпай, Сіздің де ойланатын сәтіңіз келгенін біле тұрып, білмегенсімейікші.
Ең құрығанда, енді барша қазығұрттықтар мақтаныш етіп айта алатын бір батыл қадам жасауға барып көріңізші. Айтпағымыз, бұрынғы Отырар ауданының экс-әкімі, қазіргі сенатор Ә.Құртаевтың әкім кезінде Сіздегідей жағдай орын алып, өзінің орынбасары парамен ұсталып, отырарлықтарды жерге қаратқан еді.
Қазақтың дана туған перзенті Асанбай Асқаровтың: «Жерге қарап қалсаң да, Жерге қарап сөйлеме» дегеніндей, Ә.Құртаев өз орынбасарының пара алғанына көзі жеткен соң, ешкімнің ақыл-кеңесінсіз-ақ, ешкімнің ұсыныс, қысымынсыз-ақ, өз өтінішімен әкім қызметін тапсырып кетті. Жерге қарап сөйлемейтін қадамға бару оңтүстіктің адалынан туған алғыр ойлы, терең сауатты, иманды парасат иелерінің ғана қолынан келсе керек.
Біз өз жерлесіміз Ә.Мақұлбаевты Ә.Құртаев жасаған «ерлікті» жасай алады деп айта аламыз ба? Оған жұрт сене қоя ма? Сіз қалайсыз ба, қаламайсыз ба, әкімдік қызметті қоятын сәтіңіз келген сияқты. Онсыз да ел іші Сізді қызметінен босайды деп босқа «қарғадай» шулап жүр ме?.
Ел сеніміне, Елбасы сеніміне лайықты етіп қызметті тарта алмаған соң, қызметті де абыроймен қойған дұрыс шығар-ау. Тереңірек ойланудың реті келген сияқты, бауырым!
Бұл «Ашық хатты» республикалық басылымдарға да жариялауды қарастыратынымызды айта отырып, Сіз де өзіңіздің дәйекті дәлелдеріңіз болса, редакцияға жіберуіңізге болатынын хабарлаймын. Қажет деп тапсаңыз, Сіздің де жауабыңызды жариялауға даярмыз.