ТҮРКІСТАН: ӨҢІРЛІК ҒЫЛЫМҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Брифингте Ғылым департаментінің директоры Руслан Нұрлыбаев Түркістан өңірінде ғылым саласында өзекті мәселелерді шешуде жергілікті ғалымдардың рөлі жоғары екенін атап өтті.

– Соңғы жылдары елімізде ғылымды қаржыландыру тәсілдері жақсарып, ғылыми мекемелер біртіндеп жаңғыртылып жатыр. Мемлекет басшысы биылғы 12 сәуірде Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысында «Заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу» деген болатын. Бұл орайда, Ұлттық ғылым академиясы өңірлік ғылымның дамуына белсене атсалыспақ. Біздің басты мақсатымыз – ғалымдарды, оның ішінде жетекші ғалымдарды жинап, оларға академия тарапынан қолдау көрсету. Сонымен қатар, еліміздегі басым бағыттар мен ғылымның нәтижелері бойынша ұлттық баяндаманы әзірлеу, ғылымды насихаттау, болжамдар жасау. Жас ғалымдарды дайындап, олардан мықты кадр шығаруды қолға алып жатырмыз. ЖОО-дары және зерттеу орталықтарымен бірлесіп, шетелдік ғалымдардың қатысуымен елдегі соның ішінде өңірлік ғылымды дамытуды жоспарлап отырмыз, – деді Руслан Ерғалиұлы.

Ал «Агробиоресурстар және экология» басқармасының басшысы Қуантар Әлиханов өңірлердегі басты проблемаларды анықтау мақсатында әртүрлі қалаларда ЖОО-дарының ғалымдарымен кездесу өткізуді қолға алғандығын жеткізді. Ол өз сөзінде ғылым мен өндірістің, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың байланысын арттыру керектігін айтты.

– Киелі Түркістанға өңірлік ғылымды дамыту мақсатында келіп, Қ.А.Ясауи университетінде жетекші ғалымдармен кездестік. Ол жерде өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстық. Алдағы уақытта ғалымдарды академия тарапынан қолдауға дайынбыз. Осы өңірдегі мәселелерді отандық беделді ғалымдардың нәтижелері арқылы сараптай отырып, оң шешілуіне ықпал жасаймыз. БАҚ өкілдері, сіздер де өңірдегі үздік ғалымдарды насихаттауға атсалысып, олардың еңбегін жарыққа шығарып, қолдау көрсетсеңіздер, – деп ұсынысын білдірді Қуантар Дәуленұлы.

Брифинг барысында «Білім және азаматтық қоғам» басқармасының басшысы Бекбол Батыржанұлы өскелең ұрпақ үшін ғылым саласында айрықша жол қалдыру керектігін және оған барлығы бірлесіп атсалысса жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын жеткізді.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.