ТҮРКІСТАНДА «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЛАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН-АЛУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖИЫН ӨТТІ

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен қоғамдық ұйымдар, орталық және жергілікті атқарушы орган, құқық қорғау органдары, мен ҮЕҰ қатысуымен «Қазақстандағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырудың себебі – ауыр қылмыстың жұрт болып жиылып шешімін табу, қоғамда әдеп нормасын қалыптастыру, профилактика шарасын егжей-тегжейлі талқылап, азаматтық сектор, жауапты органдармен бірлесіп жедел іс-қимыл жасау.

— Бүгінгі алқалы жиынның Түркістан топырағында өтуінің өзіндік символдық мәні бар. Бұл өңір – ұлы дала өркениетінің бесігі, тамыры терең тарихымыздың, берік дәстүріміздің қасиетті ордасы. Мемлекет басшысы киелі өңірде өткен Ұлттық құрылтайда ұрпақ тәрбиесі, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, әлімжеттік, отбасы құндылықтарын сақтау мәселелерін көтеріп, тиісті тапсырма берген болатын. Дидары өзгерген дүниеде қазақ қоғамын ілгері жетелейтін осы көк өрім жастар, заманның көшінен қалмай келе жатқан өскелең ұрпақ деп білеміз. Алайда, соңғы уақыттағы келеңсіз жағдайлар қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Қоғамдағы стигматизация, осындай фактілердің жылы жабылуы, ашық айтылмауына байланысты ресми дерек пен шынайы көрсеткіштің арасы алшақ болуы да ықтимал. Көптеген қылмыстық іс ашылмаған күйі қалады. Нақты дерек-дәйек анық болмаған соң, мәселемен күресудің механизмдері де тиімді болмайтынын ескеруіміз керек. Отбасы институты, бала қауіпсіздігі, қоғам құндылығы, адамның өмірі мен бостандығы, заң мен тәртіп тұрғысынан әлі де тереңінен қаузайтын түйткілді мәселе көп екенін көріп отырсыздар. Өңірлер бойынша айтар болсақ, осы жарты жылдың ішінде балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыстың көбі Жамбыл, Павлодар, Атырау, Алматы, Қызылорда облыстарында болған. Зерттеулер балаларға зорлық-зомбылық көрсететін қылмыскердің портретін де дайындаған. Қазақстандағы бүлдіршіндерге қатыгездікпен жәбір көрсеткендер, ең алдымен өздері танитын, жақын араласатын адамдар екені анықталған. Биыл “Балалар мәселесін БАҚ-та қалай қауіпсіз жариялауға болады” деген тақырыпта практикалық нұсқаулықты жариялады. Балалар тақырыбы туралы жазғанда да ақпарат алаңында өте мұқият болғанымыз абзал,- деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Министрдің мәлімдеуінше, отбасын қолдау орталықтары қызметімен ең аз таныс өңірлер – Қызылорда облысы, Маңғыстау облысы, Алматы қаласы, Ақтөбе облысы. Зерттеу нәтижесі Отбасын қолдау орталықтарының тиімділігін арттыру қажет екенін көрсетті. Өңірдегі әр орталықтың қызметі туралы халық хабардар болса, зорлық-зомбылықтың алдын-алуға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Отбасын қолдау орталықтары балалардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізуге тиіс. Түркістан облысында балалардың құқығын қорғау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Осы бағытта жұмыс жүргізетін ҮЕҰ — лар үшін жергілікті бюджеттен 100 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Басқосуда сөз алған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, облыста 400 мыңнан астам отбасыларда 900 мыңнан аса кәмілетке толмаған балалар бар. Бұл дегеніміз – республиканың әрбір жетінші мектебі мен жетінші оқушысы тұратын Түркістан облысында бала құқықтарын қорғау саласында проблемалар жоқ емес. Өңірде 1000 мектепте 515 мың оқушы, 1300-ден астам бала бақшаларда 160 мыңға жуық бүлдіршін бар. Арнайы есепке алу органының ресми дерегіне сәйкес, өткен жылы балаларға қатысты жасалған қылмыс 2021 жылмен салыстырғанда 21-ге азайған. Осы бағытта балалардың құқықтарын қорғау мен олардың қауіпсіздігі және отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықты профилактикалау үнемі назарда.

— Әр баланың өмірі біз үшін қымбат. Балалар мен жасөспірімдерді зорлық-зомбылықтан және қатігездіктен қорғау, оларға қатысты қылмыстың алдын алу маңызды, әлеуметтік мәні бар және қоғамдағы өткір мәселелердің бірі. Балаларымыздың құқықтарын қорғау мен олардың қауіпсіздігі және отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықты профилактикалау үнемі назарымызда. Ең бастысы облыста әкімдік, прокуратура, полиция департаментімен және үкіметтік емес ұйымдармен ведомствоаралық жұмыс жүйесі қалыптасқан. Сонымен қатар жас отбасыларды қолдау, сондай-ақ отбасыларда жиі кездесетін проблемалық мәселелерді зерттеу қажеттілігі туындауда. Әлеуметтік мәселелерімен келетін көп балалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға арналған «Қамқорлық» жанұя орталығы» Түркістан қаласында ашылып, психологиялық, құқықтық жәрдем берілуде.

Сондай-ақ, өз кәсібін игеруге ықпал ету, үй жағдайында жұмыспен қамтылуға жәрдемдесу, денсаулық сақтау және және көші-қон бойынша мәселелерін шешуге көмек берілуде. Осы бағыттағы жұмыстар үнемі назарымызда және саналы, салауатты ұрпақ өсіруге бастайтын жол ол тұтас қоғамның бірлескен күш жігерінде.Осы орайда, дөңгелек үстелді өткізуге бастамашыл болған азаматтарға алғысымды білдіремін,-деді Дархан Сатыбалды.

Бұдан бөлек, осал топтардағы отбасыларды және жұмыссыз жастарды қамту мақсатында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында 72 129 адам жұмыспен қамтылды (оның ішінде әйелдер 51%). «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Бизнес-Бастау» жобалары 28 758 азамат жұмыспен қамтылды.

2022 жылдан бастап облыста (облыс әкімдігі, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту басқармалары, полиция департаменті, сот сараптама институты, Түркістан облыстық адвокаттар алқасы, және «Сенім-ай» қоғамдық бірлестігінің «Көмек» дағдарыс орталығымен» бірлесіп) зорлық-зомбылық құрбандарына жедел түрде психологиялық, әлеуметтік, медициналық, құқықтық көмек көрсету жөніндегі пилоттық жоба іске асырылуда.

Сарапшылардың пікірінше, балаларға қатысты орын алатын зорлық-зомбылық, суицидтік мінез құлықтың негізгі себептері: 64%-ы ата-ана мен бала қарым-қатынасынан, 20%-ы психологиялық және физикалық зорлық-зомбылықтан, 16%-ы жалғыздық сезімі, қарым-қатынасты бұзу, өзін-өзі бағалаудың төмендігінен орын алады екен.

2019 жылдан бастап білім беру ұйымдарында жасөспірімдердің аутодеструктивті мінез-құлқының алдын алуға бағытталған, мектептегі бес маманның (психолог, сынып жетекші, әлеуметтік педагог, медбике, кәмелетке толмағандар ісі жөнінідегі мектеп инспекторы) жұмысын қамтитын ауқымды «Бестерек» жобасы енгізілген.

Қазіргі таңда, «Бестерек» жобасы республика көлемінде таратылған. Осы жобаны одан әрі жалғастыру және аталған проблемаларды шешуге үкіметтік емес ұйымдармен ұсынылған жобаларды жүзеге асыру жоспарланып, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 97 млн. теңге қаражат бөлінді. Аталған жобалар үш бағытта жұмыс жүргізетін болады.

Біріншісі, білім ұйымдарының педагог-психологтарының біліктілігін арттыру.

Екіншісі, тәуелсіз сарапшылармен тәжірибелі психолог мамандардың балалармен ата-аналарға арналған тренингтер, жеке кеңестер беру.

Үшіншісі, ведомствоаралық іс-әрекетті күшейту бағытында облысы әкімдігі, облыс прокуратурасы, және полиция департаменті мен бірлескен «Салауатты болашақ» жобасын жүзеге асырады.

Бұл жоба республикада алғаш рет пилот ретінде түрлі қиын жағдайға түскен отбасылар мен олардың балаларына қолдау көрсету бойынша ведомствоаралық іс-әрекеттерді бір ақпараттық жүйеге ендіріп, ведомстволар өз құзіреті шегінде тиісті жедел әрекет ету жұмыстарын жүргізуді көздейді.

Іс-шараның мақсаты – қоғамда әдеп нормасын қалыптастыру, профилактика шарасын егжей-тегжейлі талқылап, азаматтық сектор, жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп жедел іс-қимыл жасау. Жиынға қатысушылар отбасы институтын нығайту, балалардың қауіпсіздігі мен өмірі, ата-ана мен айналасындағы адамдардың жауапкершілігі жайында сөз сөйлеп, пікір алмасты.

Бүгінгі іс-шараның нәтижесінде ведомстволар арасындағы іс-қимылды жүйелі қылу мақсатында бірқатар нақты шараларды көздеу жоспарланған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.