Түркістан: облыста күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

Кентау қаласында орналасқан облыстық жиын пунктінен күзгі әскерге шақыру науқаны аясында алғашқы 40 баланы Алматы облысындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөліміне салтанатты түрде шығарып салды.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары — облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Бейсен Тәжібаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нұрмаханбет Дюсебаев, ҚР ҚК ардагерлері кеңесінің облыс бойынша филиалының төрағасы және әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты тұлғалар қатысты.

Әскерге аттанып жатқан шақырылушыларға Бейсен Дәулетұлы ақ жол тілеп, Отан алдындағы борыштарын абыроймен орындауға және туған өлкелерінің, ата-аналарының үмітін ақтап, қазақ жауынгерінің намысты болуы керектігін жеткізді.

Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нұрмаханбет Бексейітұлы өңіріміздің жастары ҚР ҚК және де  басқада әскери құрылымдарында әскери қызмет өткеруі сандық және сапасы жағынан алдыңғы қатарда жүретінін атап өтті.

— Көктемгі әскерге шақыру науқанында Түркістан өңірінен 2000-нан астам азамат мерзімді әскери қызмет өткеруге аттанған болатын. Осы күзгі шақыру науқанында цифрландыру жұмысы нәтижесінде, өңірімізде тұратын 18 бен 27 жас аралығындағы 3500-ден аса ер азаматқа тұрғылықты мекен-жайлары бойынша жергілікті әскери басқару органдарына шақыру туралы SMS-хабарлама жолданбақ. Сол хабарламаны алғашқы алған сіздерсіздер. Нағыз ер азамат өз отанының патриоты болуы тиіс, — деді полковник Нұрмаханбет Дюсебаев.

Айта кетсек, цифырландыру бағдарламасы аясында қазіргі уақытта әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою және шығару тұрғылықты жері өзгерген кезде автоматты түрде жүзеге асырылады.

Бұдан басқа, жақын арада әскерге шақырылушыларға әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктер беру және әскери қызмет өткермеген азаматтарға әскери билеттер беру жойылады. Ол электронды форматқа көшеді.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.