ЖОЛ КАРТАСЫНДА БЕЛГІЛЕНГЕН НЫСАНҒА ЗЕРДЕЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Бүгін Сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы 43 тармақтың орындалуына бақылау жүргізу мақсатында мәслихат депутаты, қалалық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бектаева Жанар Әлібекқызы және мәслихат депутаты, қалалық партия фракциясының жетекшісі Имашев Қайрат Есенбекұлы Шымкент қаласындағы орталықтандырылған симуляциялық орталығына барды.
Соңғы үлгідегі жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтылған орталықта медицина қызметкерлері халықаралық стандарттар бойынша шұғыл көмек көрсету әдістерін тегін меңгеріп, тәжірибе жинақтай алады. Сондай-ақ, тек медицина мамандары ғана емес, төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлер, ұстаздар және басқа сала мамандары алғашқы көмек көрсету бойынша кәсіби біліктіліктерін шыңдай алады.
Гүлнар Мамытқызы орталық жұмысымен толықтай таныстырып, мұндай ауқымды әрі керекті бұйымдармен 100 пайыз қамтылған орталықтың еліміздің ешбір жерінде жоқ екенін жеткізді.
Симуляциялық орталықта қол мен аяқ сынған жағдайда сыртқы бекітуге арналған жаттығу машинасы, нәресте интубациясын оқытуға арналған модель, тыныс алу жолдарының функционалды бақылау тренажері, кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы үшін көпфункционалды бақылау тренажері сынды бұйымдар және 100 муляжбен қамтылған.
Сонымен қатар, еліміз бойынша тек бір данасы ғана бар санитарлық автокөлік салонының имитаторы таныстырылды. Жедел-жәрдем көлігінің имитаторы барлық керекті құралдармен жабдықталған. Мұның көмегімен осында білім алушылар жедел жәрдем көлігінде науқасқа қалай алғашқы көмек көрсету керектігін меңгере алады.