ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Биыл Қазақстанда алғаш рет ұстаздардың кәсіби мерекесі нақты 5 қазан болып бекітілді. Бұған дейін бұл мереке айдың бірінші жексенбісінде атап өтілетін еді.

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Жанар Әлібекқызы Бектаева педагогтарды құттықтап, оларға білім беруді дамытуға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Жамаубайұлының арнайы Алғыс хаттарын табыс етті.

— «Ұстаз – шәкіртінің білімін шыңдаушы, білімнің биігіне қанат қағып, талай асуларды бағындыру жолындағы қолдаушысы. Егемен еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан барша мұғалімге айрықша алғысымды білдіремін. Ұстаздар қауымы партияның барлық қоғамдық іс-шараларына да аянбай атсалысып, барлық салада белсенділік танытып келеді, — деді Ж.Бектаева.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында мемлекеттік мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары басшыларының жалақысын 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 100%-ға кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілерінің жалақысын 30%-ға арттыру көзделген.

«AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институтының деректері бойынша Қазақстанда барлығы 510 826 педагог бар. Олардың басым бөлігі орта білім беру жүйесінде – 340 958. 97 407 педагог мектепке дейінгі білім беру жүйесінде, 36 083 оқытушы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Жоғары білім беру жүйесінде 36 378 оқытушы бар.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.