ҚАЛДЫБЕКОВТІҢ ҚАНЫ ҚАЙНАП ЖҮР

Қазіргі таңда естісең таң қалатын жайттар көп. Мәселен, жуырда  редакциямызға Ердәулет Қалдыбеков  деген азамат келді. Е.Қалдыбековтің айтуынша, оның  атынан  бәзбіреулер қоғамдық  бірлестік  ашып алыпты. Ой тоба, «естімеген елде көп» деген осы шығар. Таңдандық, таңырқадық.

Тағы бір қызығы, Е.Қалдыбеков Шымкентте тұрады. Ал, қоғамдық бірлестік  Астана қаласынан ашылған. Бұл қалай сонда? Цифрлы Қазақстан боламыз деп, сиқырлы Қазақстан болып кеткенбіз бе? Кейде жеке жұмыстармен түрлі мекемеге барамыз. Кей кеңседе электронды кілтімізді сұрайды. Сол электронды кілттің нұсқасы компьютерде қалып кететіні де рас. Солай қалып кеткен Е.Қалдыбековтың электронды кілтін біреулер пайдаланған жоқ па екен?

Е.Қалдыбековке «Сіздің атыңыздан қоғамдық бірлестік Астана қаласынан ашылған» деп Шымкент қалалық  Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының маманы хабарласып айтқан. Е.Қалдыбековтың атында қоғамдық бірлестік болса, балаларына атаулы әлеуметтік көмек  ала алмайды екен. Аталмыш басқармадан хабарласқан маман осы жайтты жеткізген. Е.Қалдыбеков маманға: «Менің атымнан бірлестікті кімнің ашқанын білуге бола ма?» деп сұрақ қойса, маман «Т.Момынова деген адам ашқан» деп жауап беріп, сол Т.Момынованың да телефон нөмірін қоса берген.

Мұнан соң  Е.Қалдыбеков айтылған нөмірге хабарласқан. Алайда, тұтқаны ер азамат алып: «Ешқандай Момынованы танымаймын, бірлестікті білмеймін» деген.

Мұнан кейін Е.Қалдыбеков біздің кеңесімізбен Астана қалалық Әділет департаментінің басшысы Арман Серікұлына Е өтінішпен хат жіберген. Хат та өзінің ешқандай  қоғамдық  бірлестік ашпағанын, өзінің атынан ашылған қоғамдық бірлестіктің жабылуын сұрайды.

Ал аталған департаменттен келген жауапты оқысаңыз тіптен қайран қаласыз. Жауапқа сенсеңіз «Бірлестік жарғысының 4.1 тармағына сәйкес бірлестікте жиналыс болуы қажет екен. Сол жиналыста бірлестік мүшелерінің  шешімімен Қалдыбеков мүшеліктен шығуы керек екен. Ау Қалдыбековтың өзі білестікті ашқан Т.Момынованы жер-көктен іздеп таппай жатқан жоқ па? Телефонына қоңырау шалса гүрілдеген еркек алып тұр. «Қалдыбеков бірлестік жарғысына сәйкес, жиналыста мүшеліктен шыға алады» деу Момыноваға ғана  жарасады. Себебі, жарғы бірлестіктің ішкі қағидасы.

Ал департамент мемлекет заңымен жұмыс істеуі керек. Егер департамент мұндай мәселеде бірлестік  жарғысының 4.1 тармағына сүйеніп жүрсе, онда талай адам Ердәулет секілді өздері білмейтін бірлестіктен шыға алмай сорлап жүрген шығар.

Айтпақшы, Е.Қалдыбековтың арызына адамды ашындыратын жауапты жазған Астана қалалық Әділет департамент басшысының орынбасары Азамат Бердыбеков берген екен. Жоғарыдағы жауапты шынымен осы жазған ба, әлде Қожанасыр ма? Ойпыр-ай, не деген сұмдық?

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.