ТҮРКІСТАНДА ДАРБАЗА – МАҚТААРАЛ ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІСІНІҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысында өткен жылдың қараша айында ұзындығы 152 шақырым Дарбаза-Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы басталған болатын. Ондағы құрылыс барысы мен мәселелері туралы талқылау үшін аймақ басшысы Дархан Сатыбалды мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев кездесті. Жиынға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері мен жауапты сала басшылары қатысты.

Дарбаза-Мақтаарал теміржол желісін салу жөніндегі инфрақұрылымдық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылуда. Бұл жоба республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған. Сонымен қатар жоба Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, өңірдің шағын және орта бизнесін ынталандыруға ықпал етпек. Жаңа теміржол желісін салу қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жиын барысында тараптар жобаны жүзеге асыру үшін тиісті шараларды уақтылы орындаудың маңыздылығы айтылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан облысында ҚТЖ инфрақұрылымдық жобасын іске асыруға толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Мемлекет басшысы Дарбаза-Мақтаарал жаңа теміржол желісін салу бойынша нақты тапсырма берді. Бұл – Түркістан өңірін дамытуға тың серпін беретін жоба. Оңтүстік аудандардың экономикасы көтеріліп, транзиттік әлеуеті артады. Нұрлан Ермекұлы, Дарбаза-Мақтаарал жаңа теміржол желісін салу бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқарамыз деп сенім білдіремін, – деді Дархан Сатыбалды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев маңызды жобаны жүзеге асыру барысы туралы баяндады.

Теміржол салу кезінде жергілікті өндірушілердің материалдарын пайдалану жоспарлануда. Құрылыс кезеңінде уақытша 3400 жұмыс орны және пайдалануға берілген уақытта 500-ден астам жұмыс орны құрылады.

Жобаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жобалаушы тарапынан топогеодезиялық, гидрологиялық және археологиялық жұмыстар аяқталды. Жер төсемін толтыру үшін карьерлерді әзірлеу және теміржол желісін салу үшін жер учаскелерін резервтеу бойынша қажетті рәсімдеу жұмыстары атқарылу үстінде.

Кеңес соңында тараптар «ҚТЖ «ҰК» АҚ мен Түркістан облысы әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Айта кетейік, жоба екі кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезеңде «Сырдария» станциясына шығатын Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы – Ердаут – Мақтаарал желісін салу жоспарланған. Екінші кезеңде Жетісай – Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы тармағын пайдалануға беру көзделген.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.