… сұраншақтық пен алақан жаюға намыстанбайтын жандар азаймай тұр
Шындығына келсек, бүгінгі жастар алдында білім алып, жұмысқа тұрудан да басқа қиындық жетіп артылады. Шәкәрім қажы суреттеген «ұшқаны білінбейтін ұшқыр заманда» алған білімді жетілдіріп отырмаса, көп салада, қарапайым тіршілікте, тұрмыста көш соңынан табылуы ықтимал.
Аяқ астынан байып кету, жеңіл жолмен табыс табу — алаяқ пен қудың «бір жұттық» жолы. Бірақ көзі ашық бүгінгі жастар бұл соқпақ алысқа бармайтынын көріп-біліп отыр. Сонымен бірге он екі мүшесі сау болса да, құмар ойындарына бой алдырып, кәсіпкер қауымнан дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған жекелеген тоғышарлар да жоқ емес. Ата-баба ұстанымындағы «Адам өзіне тіленшіліктің бір есігін іздесе, Алла Тағала оған кедейліктің жетпіс есігін ашып қояды» деген парасаттан тәлім алмаған, тіпті сұраншақтық пен алақан жаюға намыстанбайтын жандар азаймай тұр. Төгілген тер, еткен еңбек түбі жақсылыққа апарып, абыройға кенелтетіні — олар үшін бос сөз. Осы түсініктен арылту мен психологиялық күйден сауықтыруды да ойлауымыз керек.
Дархан Мыңбай, қоғам және мемлекет қайраткері
jasqazaq.kz