ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СОҢҒЫ 2 ЖЫЛДА МҮЛДЕМ ҚЫЛМЫС ТІРКЕЛМЕГЕН АУЫЛ БАР
Қазығұрт ауданы Шарбұлақ ауылдық округінде соңғы 2 жылдан бері ешқандай қылмыс орын алмаған. Оған себеп бұған дейін ауыл әкімі және жергілікті учаскелік полиция инспекторларының ұйымдастыруымен ауыл ақсақалдары мен билері, жергілікті тұрғындар өзара жиын өткізіп, спирттік ішімдіктен мүлдем бас тарту жөнінде шешім қабылдаған. Бұл ауыл тұрғындары мен жастарының салауатты өмір салтын ұстанып, имандылықты ту етуіне үлкен қадам болды.
Бүгінде Шарбұлақ ауыл округі — «Үлгілі ауыл» санатына енгізілді. Осыған орай ауыл орталығындағы мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Жиынға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, Түркістан облыстық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмас Тастанбеков қатысты. Шара барысында ауыл тұрғындарына арнайы «Үлгілі ауыл» сертификаты табысталып, алғыс хат берілді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі