АРЫСТА «КИЕЛІ МЕКЕН» АПТАЛЫҒЫ АЯСЫНДА ТЕМІРЖОЛШЫЛАР МОНУМЕНТІНЕ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының екінші апталығы басталды. 20 сәуірге дейін созылатын апталық «Киелі мекен» деп аталады. Апталық барысында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру, ретке келтіру жұмыстарына арналады.

Осы орайда, қалаға кіреберіс Дендросаябақ алдындағы теміржолшылардың құрметіне орнатылаған Паравоз ескерткішінің айналасын абаттандыру, тазалау жұмыстары атқарылды. Аталған жұмыстарды «Qazaq Real Stroy» мекемесі қызметкерлері жүргізді. Олар паравоз маңындағы демалуға арналған орындарды тазалап, айналадағы жасыл желекті арамшөптен тазартты. Қоқыс жәшіктерін ретке келтіріп, «отарбаға» тазалық шараларын жүргізді. Аталған мекеме, алдағы уақытта қызылды-жасылды әсем гүлдерді де отырғызуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Темір жол тарихынан сыр шертетін, көненің көзіне айналған паровоз қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың бастамасымен, 2021 жылы Арыстың 65 жылдық мерейтойына орай орнатылған. Ескерткішті орнатудағы негізгі мақсат – «Түркісіб» теміржолының құрылысына қатысып, жапан түзде тіршілікті жандандырған арыстықтарға, пойыздардың қауіпсіз жүріп тұруын қамтамасыз етуші барлық теміржолшыларға құрмет көрсету. Паровоз тарихына үңілсек, ол 1946 жылы Улан-Уде қаласындағы зауыттан шыққан. Салмағы жүздеген тоннаны құрайтын отарба Шығыс Қазақстан облысы, Шемонайха станциясынан әкелінген.

Жобаны сәтті жүзеге асыруға Арыс қаласындағы теміржол училищесінде білім алып, еңбек жолын Арыс қаласында бастаған Қазақстанның «Құрметті теміржолшысы» Мақсұт Іскендіровтің, «отарбалардың» Арыс қаласына жеткізілуіне тікелей ықпал еткен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың, тарихты тірі куәгерінің тұғырға жеткізіліп, орнатылуына демеушілік жасап, материалдық көмек көрсеткен теміржол саласының ардагері Ермекбай Ермановтың үлесі зор болды.

Бүгінде ашық аспан астындағы музейге айналған ескерткіш Арыс қаласына келген әрбір қонақ пен туристтердің естелік суретке түсетін сүйікті орынға айналып үлгерді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.