ШАРДАРА АУДАНЫНДАҒЫ ТҰҚЫМБАҚТА 2 МИЛЛИОН ТҮПТЕН АСА ӘРТҮРЛІ КӨШЕТ ӨСІРІЛУДЕ
Түркістан облысында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қарқынды. Облыс әкімінің тарапынан өзге елдердің тәжірибесін пайдалана отырып, облыс аумағында заманауи тұқымбақ ашу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына қарасты Ұзыната ауылдық округінде орналасқан тұрақты тұқымбаққа арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. 15 гектар тәлімбақта 2 млн 300 түп көшет өндірілуде. Басқармаға қарасты Шардара орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемеде ауданға бейімделген қарағаш, қаратал, шаған, үйеңкі, туя, айлант көшеттері өсірілуде. Оларды 10-ға жуық мамандар тұрақты түрде күтіп баптау жұмыстарын жүргізуде.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұқымбақта атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Шардара ауданындағы жасыл аймақты дамыту үшін ең алдымен аудан көшелеріндегі ағаштарға түгендеу жұмыстарын жүргізіп, жасыл белдеуді ұлғайту мен көгалдандыруды күшейтуді тапсырды.
Жауапты мекеме басшысы өңір басшысына көшеттердің жерсінуі және көнімділігі ойдағыдай екенін атап өтті.
Дархан Сатыбалды аталған саладағы жұмыстарды қадағалап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді. Тұрақты суғару, күтім жасау қажеттігін айтып, бұл жұмыстар тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
Содан соң өңір басшысы Дархан Сатыбалды «Шебер» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің Шардара ауданы, Алатау батыр ауылдық округіндегі кезекті тігін фабрикасына барды. Кәсіпкер Омар Әсенұлының жеке инвестициясы есебінен 350 млн. теңге тартылған. Аталмыш фабрикада бүгінде 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жергілікті мекемелермен қатар еліміздің көптеген облыстарын аяқкиім, киім-кешек, көрпе-төсек, мектеп киім үлгісі, әскери киім және тапсырысқа сәйкес кез келген киіммен қамтамасыз етіп отырған шеберхана.
Жұмыскерлер 80-200 мың теңге аралығында айлық алады. Негізінен тапсырыс берушілер – ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Мұнай компаниялары.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кәсіпорындардың санын арттыру керектігін айтып, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары мен жастардың әлеуметтік жағдайын көтеру қажеттігін тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі